Астана қаласының тұрғыны таныстары мен көршілерін алдап, 500 миллион теңгеден астам қаражатты иемденгені үшін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, сотталған әйел жәбірленушілердің сеніміне кіріп, ипотека рәсімдеуге немесе декреттік төлемдерді алуға көмектесемін деп уәде берген. Осы сылтаумен оларды жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып несие рәсімдеуге немесе өзіне ақша беруге көндіріп, кейін алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Мәселен, ол жәбірленушілердің біріне пәтерін банкке кепілге қойып, 16 миллион теңге несие рәсімдеткен. Соның 9 миллион теңгеден астамын өз пайдасына иеленген.
Қылмыстық істің барлық эпизодтары бойынша келтірілген жалпы шығын 500 миллион теңгеден асқан. Сот әйелді кінәлі деп танып, 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ жәбірленушілердің келтірілген залалды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.