Астанада Қытай Жаңа жылы аталып өтті

Қаракөз Амантай 09 ақп. 2025 12:03 1763

Астанада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Қытай Жаңа жылына арналған салтанатты шара ұйымдастырды. Мерекелік кешке дипломаттар, мәдениет қайраткерлері және қоғам белсенділері қатысып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалар талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Іс-шара барысында Қытайдың дәстүрлі жарық шамдары жағылып, олардың бейбітшілік пен бірліктің символына айналғаны айтылды. Қытай елшісі өз құттықтауында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, жаңа "Алтын отыз жыл" дәуірі басталды.

“Қытай мен Қазақстан – тарихы мен мәдениеті сабақтас елдер. Бізді Жібек жолы дәуірінен бері ортақ құндылықтар байланыстырады. Бүгін жағып отырған шамдарымыз екі халық арасындағы достықтың символы”, – деді Қытай елшісі.

Шара барысында қытайлық және қазақ мәдениетінің ұқсастықтары ерекше аталып өтті. Елші Қытайдың Көктем мерекесі жақында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілгенін еске салып, оның бейбітшілік пен келісімге негізделгенін айтты.

Айта кетейік, Қытай күнтізбесі бойынша биыл – жылан жылы. Бұл белгі Қытай мәдениетінде даналық пен өміршеңдіктің символы саналады. Елші екі ел халықтарын жаңа жылмен құттықтап, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық байланыстар одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Мерекелік шара түрлі-түсті шамдарды жағумен және ұлттық өнер көрсетілімдерімен аяқталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар