Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттап, қорлаған ер адамға сот үкімі шықты

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2024 12:49 2389

Жуырда әлеуметтік желілерде такси жүргізушісіне қатысты видео тарап кетті. Оқиға Астанада болған. Кадрларда жолаушы мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісіне былапыт сөздер айтқаны естіледі.

Жүргізушіні қорлаған ер адамға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау дерегі бойынша жүргізушіні балағаттаған К.-ке қатысты істі қарады.

"К. таксиде келе жатып, такси жүргізушісінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, балағат сөздер айтқан. Өз іс-әрекетімен К. қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды", - деп жазылған мәліметте.

Сот отырысы барысында К. кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген.

Жәбірленуші С. сурдоаудармашының көмегімен К. телефон қуаттағыш сымды талап еткенін, содан кейін оны қорлап, балағат сөздер айтқанын жеткізді. Денсаулық жағдайына байланысты жүргізуші оның әдепсіз қылығына жауап қатпай, тек көлікті тоқтатқан.

Бұл жайт К.-ның мойындауынан бөлек, оқиға орнында түсірілген видеомен расталды.

Сот қаулысымен К. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды.

"Сот 15 тәулік қамауға алу түріндегі жазалау шарасын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын, бұрын осыған ұқсас қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғанын ескере отырып тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған сот мәліметінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар