Алматыда қазақтың ұлттық спортын кеңінен насихаттау мақсатында алғаш рет «QASQYR CUP» аударыспақ турнирі өтіп, оған блогерлер мен спортшылардан құралған 20 қатысушы қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Турнирдің ерекшелігі – аударыспақтан бұрын-соңды ат үстінде күресіп көрмеген блогерлер мен медиа өкілдерінің де жарысқа қатысуы. Қатысушылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша күш сынасып, көрермендерге ұлттық спорттың ерекшелігін көрсетті.

Турнирге Абай Асылхан, Файзулла Нағашыбай, Медет Жанабай, Айтбек Тұрсынбай, Мейіржан Төлеқас, Асхат Нұрмашев, Мұхит Амантаң, Ертуған Амангелді, Манас Жарылқасынов, Мақсат Қиқымов, Азамат Бақытов, Медет Жанатұлы, Арнұр Қабдоллаев, Олжасхан Қайрат сынды блогерлер, айтыскерлер және MMA шеберлері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өз қарсыласын жеңген қатысушылардың әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Турнирге алғаш рет қыздар да қатысты. «Бопай» лақап атымен танымал Зәмзәгүл Файзоллина мен «Томирис» атанған Гүлмарал Еркебаева ат үстінде аударыспақ ережесі бойынша күш сынасты.

Жекпе-жектің бітуіне санаулы секундтар қалғанда Гүлмарал қарсыласын аттан аударып түсіріп, жеңіске жетті. Осылайша қазақ күресі мен еркін күрестен тәжірибесі бар екі спортшы қыздың бәсекесінде Гүлмарал басым түсті.
«Аударыспақтан өткен шешуші айқасымызда жеңіске жетіп, трилогиямыз осымен аяқталды. Атқа мініп жүргенімізбен, аттың үстінде күресу үшін рух керек екенін түсіндім. Бір жағынан атты басқарсаң, екінші жағынан адаммен арпалысасың. Кеше ғана жаттығып, бүгін сайысқа шығып кеттік. Басында қорқыныш болды, себебі аттың үстінде күресу көп қазақ жігітінің қолынан келе бермейді. Қыздардың атқа қонағаны әрбір қазақ жігітіне сын болары анық. Күш білекте емес, жүректе. Қазақ қыздарының рухын, мінезін көрсеткісі келді», – деді Гүлмарал Серікбаева.

Турнирде Нигериядан келген Мұхаммад есімді қатысушы да өнер көрсетті. Ол аударыспақ ережесін қысқа уақыт ішінде меңгеріп, жарыс барысында қарсыласын 11 секундта аттан құлатып, жеңіске жетті.
«Жеңіске жететініме ешкім сенбеді, себебі қарсыласымның салмағы ауыр еді. Ал мен өзіме сендім. Жарыстарға қатысып жүрген соң, қарсыласымды жеңу үшін алдымен өзіңмен күресу керек екенін жақсы білемін. Әрі футболшымын. Бала кезімде бокспен айналыстым. Сондықтан қарсыласымды жеңу үшін барымды салдым. Аударыспақ маған қатты ұнады. Тағы да жарыстарға қатысқым келеді. Бүгінгі жеңісіме елде қалған анам, бауырларым қуантатын болды. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Осындай мүмкіндіктерге жол ашқан Қазақстанға алғысым шексіз», – деді Мұхаммад.

«QASYQYR CUP» қатысушыларының бірі әрі жеңіске жеткен ASARUME қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев турнир кезінде бір отбасына үй сыйлағанын айтты.
«Біз бүгін қайсар мінезімізді көрсетіп қана қоймай, Талғардағы жалғызбасты анаға үй сыйлап, жақсылық жасадық. Ұлы бәйгеге қатысып, қазақтың ұлттық ойынының бойына сіңіріп жүр. Осы санымыз 20 адам үлес қосты. Аударыспақта жан-жақты болу керек. Тепе-теңдікті сақтау әрі күресі оңай емес. Алматыда ғана емес, туған жерім Ақтөбе қаласына барып, чемпион атанып жүрген аударыспақ командасынан сабақ алдым. Бұл турнир жалғасын табуы керек. Келер жылы басқа қатысушылар өнер көрсетеді деген ойдамын. Осындай генетикалық кодымызды елге таратуымыз керек», – деді Асхат Нұрмашев.
Аударыспақ – екі салт аттының ат үстіндегі күресі. Балуандар ат үстінде күш сынасып, бір-бірін белден басып немесе тартып жерге құлатуға тырысады. Қазақтың ұлттық спорты Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына да енгізілген.
Биыл ақпан айында Қырғызстанда өткен ойындарда Қазақстан құрамасы алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алған.
«QASYQYR CUP» турнирінің бас демеушісі – Zigi-Zagi компаниясы. Ұйымдастырушылар аударыспақты халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында турнирді алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.