Каспийдегі трагедиядан кейін қамауға алынды: Қанат Ниязбеков туралы не белгілі?

Каспийдегі трагедиядан кейін қамауға алынды: Қанат Ниязбеков туралы не белгілі?
Қанат Ниязбеков. Фото: gurk.kz

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталды. Сот оның қамауға алынуына санкция берген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қанат Ниязбеков қызметіне салғырт қарады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында қызметіне салғырт қарады деген күдікпен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады", – деп хабарлады ІІМ.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша түпкілікті құқықтық баға тергеу қорытындысы мен сот шешімінен кейін беріледі.

Қанат Ниязбеков кім?

Қанат Серікқалиұлы Ниязбеков – 1-дәрежелі капитан, Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы.

Ол Аягөз қаласында, қазіргі Абай облысының аумағында дүниеге келген. Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатты, кейін Калининградтағы жоғары әскери-теңіз оқу орнын және Санкт-Петербургтегі Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын тәмамдаған.

Ниязбеков әскери қызметін Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдерінде күзет кемесі командирінің көмекшісі ретінде бастаған. Кейін Әскери-теңіз күштері Бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген.

2025 жылы ол Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжанның "Каспий бризі – 2025" бірлескен оқу-жаттығуына Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары ретінде қатысқан.

Бас қолбасшы қызметінде Ниязбеков Каспий теңізіндегі әскери дайындық пен оқу-жаттығуларға жетекшілік етті. Қорғаныс министрлігі жариялаған материалдарда ол теңіздегі нысандарды қорғау, бөлімшелердің өзара іс-қимылы және жауынгерлік дайындық мәселелері бойынша пікір білдірген.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауы мен қатты жел салдарынан 17 әскери қызметші теңізге түсіп кеткен. Үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райының ескерілуі және құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуы тексеріле бастады.

3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Ниязбековті Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатты.