Ақтаудағы №1 мектепте дене шынықтыру сабағында 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес шыққан. Оқиға 5 қазанда болған. Екі 10-сынып оқушысы жедел жәрдемнің қабылдау бөліміне жеткізіліп, біреуі ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды dalanews.kz lada.kz-ке сілтеп.
Зардап шеккен оқушылардың бірінің анасының айтуынша, ұлы сыныптастарымен футбол ойнап жүрген. Сол кезде 11-сынып оқушылары да алаңда болған. Ойын барысында оның ұлы мен жоғары сынып оқушыларының бірі сөзге келіп қалған. Әйел ұлы бірінші болып соққы жасағанын жоққа шығармайды. Алайда бұған дейін 11-сынып оқушысы баласын арандатып, қорқытқанын айтады.
Баланың анасының сөзінше, кейін төбелеске басқа 11-сынып оқушылары да қосылып, ұлын топ болып ұрған. Оған араша түскен сыныптасы да соққы алған. Оның сөзінше, төбелес кезінде дене шынықтыру мұғалімі сабақта болған, бірақ бұл жайтты тоқтата алмаған.
"Ұлым төбелес кезінде бірнеше рет есінен танып қалған. Бірақ олар тоқтамаған", - деді баланың анасы.
Ақтау қалалық білім бөлімі мәліметінше, жанжал жоғары сынып оқушылары арасында түсініспеушіліктен басталып, кейін төбелеске ұласқан. Білім бөлімі өкілдері оқушылардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың бұзақылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылған.