Петропавлдағы коммуналдық кәсіпорынға рұқсат беру құжаттарында қарастырылмаған ағынды суларды заңсыз ағызғаны үшін 174 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген талдау барысында Петропавлдағы коммуналдық кәсіпорынның экологиялық заңнаманы бұзғаны анықталған.
Прокуратураның талабынан кейін облыстық Экология департаменті кәсіпорынға тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде рұқсат беру құжаттарында көзделмеген ағынды суларды ағызу фактілері анықталды.
Осыған байланысты Экология департаменті кәсіпорынға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады.
2026 жылғы 14 тамызда сот қаулысымен коммуналдық кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 174 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Прокуратура мәліметінше, өңірде экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау және анықталған бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.