Әлемдік бокс төрешілігінде AIBA-ның ең жоғары “үш жұлдызды” мәртебесін алғаш болып еншілеген қазақ төрешісі Берікбол Қасымханов бірнеше жылдан бері ұлттық құрамадағы жұмысынан шеттетіліп келеді. Кейінгі 23 жылда шетелдік федерациялар оның біліктілігіне сенім артып, халықаралық жарыстарға қазылық етуге шақырғанымен, өз елінде оның орасан зор тәжірибесі мен білімі ескерусіз қалған. Орындалмаған уәделер, сыртынан тағылған негізсіз айыптар мен жүйесіз кадр саясаты халықаралық дәрежедегі төрешінің кәсіби ортадан ығысуына алып келген. Қасымханов Dalanews.kz тілшісіне берген эсклюзивті сұхбатында отандық бокстағы кадрлық тоқыраудың басты себептерін атап, шешілмей келе жатқан жүйелі мәселені ашып айтты.
Кәсіби жолы қалай басталды?
Берікбол Қасымханов халықаралық төрешілік жолын 2003 жылы Пәкістанда өткен турнирден бастаған. Алайда бұл сапарға федерация қаражат бөлмеген. Сондықтан жол шығынын өтеу үшін демеуші іздеуге мәжбүр болған. Айтуынша, сол кезде Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов қолдау көрсетіп, әуе билетін алып берген.
“Сол уақытта қолымда телефондағы аудармашы емес, шағын сөздік кітапша болды. Сонда ағылшын тілін білмей халықаралық деңгейде өсу мүмкін емес екенін түсіндім. Қазақстанда алған білімім аз екенін де сол сапарда сезіндім. Егер осы жолмен жүретін болсам, үнемі үйренуім керек деген шешімге келдім”, - дейді ол.
Турнирге Азия, Африка және Америка құрлығынан төрешілер келген. Жарысты сол кездегі AIBA президенті Анвар Чаудри де бақылаған. Қасымхановтың айтуынша, ұйым басшысы оның жұмысын бірнеше кездесу бойы арнайы қадағалап, кейін оң бағасын берген. Осы сапарда ол Азия деңгейіндегі қаптал төрешісі ретінде алғашқы емтиханын тапсырады.
“Бұл бір реттік сапар болып қалған жоқ. Кейін Оңтүстік Кореядағы жастар арасындағы әлем чемпионатына, Индонезиядағы Президент кубогіне және басқа да халықаралық жарыстарға қатыстым. Жас Амир Хан мен кейін әлемдік бокста танылған бірқатар спортшының жекпе-жектеріне төрелік еттім”, - дейді ол.
Осылайша 2005 жылы AIBA қаптал төрешісі дәрежесін, ал 2007 жылы рефери сертификатын алады. Қасымханов сол кезеңдегі талаптың қазіргіден әлдеқайда қатаң болғанын айтады. Себебі бір деңгейден екіншісіне өту үшін белгілі бір уақыт жұмыс істеп, халықаралық жарыстарда тәжірибе жинау қажет еді.
“Бүгін кейбір емтиханды телефон арқылы тапсыруға болады. Ал біз әр жекпе-жекті талдап, рингтегі және қапталдағы төрешінің қатесін бетпе-бет талқылайтынбыз. Теориямен шектелмей, практикалық жұмыстан өттік. Төрешіні маман ететін де осы тәжірибе”, - дейді Қасымханов.

Бейжіңге апарған бес жыл
Алғашқы халықаралық емтиханын Пәкістанда тапсырған Қасымханов араға бес жыл салып, Бейжің Олимпиадасында төрелік етеді. Маманның сөзінше, үміткерлердің жұмысы бірнеше жыл бойы бағаланып, бастапқы 88 төрешінің арасынан 34 маман ғана Олимпиадаға таңдалған.
“Орта Азиядан жалғыз мен бардым. Өзбекстаннан да, Қырғызстаннан да тәжірибелі төрешілер болды. Бірақ AIBA комиссиясы әр жарыстағы рейтинг пен жұмысты мұқият тексерді. Олимпиадаға бір күнде немесе біреудің өтінішімен бара алмайсың. Оған дейін бірнеше үлкен емтиханнан өтуің керек”, - дейді ол.
Қасымханов Бейжің Олимпиадасында финалдық бәсекелерге дейін қызмет атқарған санаулы төрешінің бірі болғанын айтады. Кейін AIBA Олимпиада финалында жұмыс істеген мамандарға ең жоғары үш жұлдызды мәртебе берген. Оның сөзінше, Қазақстаннан бұл деңгейге алғаш жеткен төреші де өзі болған.
Оның халықаралық тәжірибесі бір Олимпиадамен шектелмеген. Қасымханов жеті әлем чемпионатында, 2006 жылғы Доха Азия ойындарында және оннан астам Азия чемпионатында төрелік еткенін айтады. Кейін халықаралық техникалық маман, төрешілерді бағалаушы және нұсқаушы дәрежелерін алып, өзге елдерде семинар мен емтихандар өткізе бастаған.
Өкінішке қарай, әлемдік деңгейдегі жетістігі Қасымхановтың ел ішіндегі беделін нығайта алмаған. Керісінше, Олимпиададан кейін көп ұзамай оның ұлттық төрешілік жолындағы орны әлсірей бастаған.

Бір жекпе-жектен кейін басталған қысым
Қасымханов 2007-2009 жылдары Қазақстандағы төрешілер алқасын басқарғанын айтады. Осы аралықта ол төрешілер даярлау жүйесін жолға қоюға, жарыстардың ұзақтығын халықаралық талапқа жақындатуға және мамандардың еңбекақысын көтеруге күш салған.
Оның бастамасымен Қазақстанда бірнеше семинар өтіп, 27 төреші халықаралық дәрежеге ие болған. Сол кезеңде Наталья Цой мен Әсем Аманбаева сынды әйел төрешілер де халықаралық аренаға шыққан. Кейін Наталья Цой 2016 жылғы Олимпиадада төрелік еткен.
“Жақсы боксшыны жақсы төреші таңдайды. Төрешінің қолында спортшының бірнеше жылдық еңбегі, болашағы мен тағдыры тұрады. Сондықтан мен әріптестеріме: “Ешкімге көмектеспейміз, ешкімнің ығына жығылмаймыз. Кім жеңсе, жеңісті соған береміз”, деп айтатынмын”, - дейді ол.
Қасымхановтың айтуынша, өзіне жасалған қысым 2009 жылы Серік Сәпиев пен оның қарсыласы арасындағы даулы жекпе-жектен кейін басталған. Ол кездесуде жеңісті Сәпиевке берген. Алайда ұпай есебі федерациядағы кейбір адамдардың наразылығын туғызған. Осыдан кейін оның кәсіби білігіне күмән келтіретін сөздер тарап, шешуші бәсекелерге төреші ретінде тағайындау сирей бастаған.
2009 жылғы 16 желтоқсанда Қасымханов төрешілер алқасының төрағалығынан өзінің қатысуынсыз алынғанын айтады.

Өз еліме керек болмадым…
Кәсіби мүмкіндігі шектеле бастаған кезде Қасымхановқа Қарағанды облысының бокс федерациясын басқару ұсынылады. Ол өңірде екі жылдан астам атқарушы директор болып, жас боксшылар мен төрешілерді даярлауға қатысады. Кейін оған Мьянма ұлттық құрамасын жаттықтыру жөнінде шақырту түседі.
Шешім қабылдауға оған бес минут жеткілікті болған.
“Қазақстанда мені еш жарысқа шақырмайтынын түсіндім. Сонда “Өз қазағыма керек болмасам, кімге керек болсам, соған қызмет етемін” деп ойладым. Сөйтіп Мьянма ұсынған келісімшартқа қол қойдым”, - дейді ол.
Сол елде үш жыл еңбек етіп, құраманы Оңтүстік-Шығыс Азия ойындарына дайындаған. Оның жетекшілігімен ел тарихында алғаш рет төрт боксшы финалға шыққан. Осы нәтижеден кейін келісімшарты ұзартылғанын айтады.
Кейін Қасымханов Вьетнам, Түркия, Камбоджа және Тәжікстанда жаттықтырушы, кеңесші және төрешілік бойынша маман болып жұмыс істеген. Вьетнамдық боксшының Олимпиадаға алғаш рет жолдама алуына үлес қосқан. Ресей мен Орталық Азия елдерінде төрешілерге практикалық семинарлар өткізген.

Мселенің ең ащы тұсы да осында. Өзге мемлекеттер оның тәжірибесін бағалап, арнайы жұмысқа шақырғанымен, Қазақстанда халықаралық деңгейдегі маманға төрешілік қызметтен орын табылмаған.
Қолдан жасалған қысым
Қасымхановтың еңбек жолындағы ең даулы мәселенің бірі AIBA берген үш жұлдызды мәртебеге байланысты өрбіген. Оның айтуынша, Бейжің Олимпиадасынан кейін халықаралық ұйым оған жоғары дәрежелі төреші санатын берген. Алайда тиісті сертификат өзіне уақытында табысталмай, кейін аты AIBA-ның ресми дерекқорынан алынып тасталған. Сөйтіп оған үш жұлдызды мәртебенің орнына бір жылға жарамды төмен санаттағы құжат берілген.
“Менің рейтингім жоғары болды. 2012 жылғы Олимпиадаға да баруға мүмкіндігім бар еді. Бірақ халықаралық жарыстарға ұсынудың орнына атымды базадан өшіріп, үш жұлдыздың орнына бір жұлдыз бергізді. Артымнан жемқорлыққа қатысы бар, халықаралық ұйым өкілдеріне сыйлық пен пара берген деген жалған ақпарат таратты. Мұның бәрі жала еді”, - дейді ол.
Оның сөзінше, бұл айыптаулар бірнеше басылымда жарияланған. Сол кезде заңгерлер сотқа жүгінуді ұсынғанымен, Қасымханов дауды жалғастырудан бас тартқан. Арада бірнеше жыл өткен соң материалдардың бірін жазған журналист кешірім сұрағанын айтады. Бірақ кімнің тапсырма бергені сол күйі жұмбақ қалған.
Әділдікті Қазақстан емес, халықаралық комиссия орнатты
Қасымхановтың айтуынша, бірнеше жылдан кейін AIBA төрешілер комиссиясы оның ісін қайта қарап, үш жұлдызды мәртебесін толық қалпына келтірген. 2017 жылы ол Австралияның Голд-Кост қаласында өткен Азия және Океания чемпионатына бейтарап төреші ретінде шақырылған.
Сол сапардағы ресми кеште халықаралық ұйым өкілдері оның мәртебесі қайтарылғанын жариялап, әріптестерінің алдында құттықтаған.
“Маған “әділдіктің орнауымен құттықтаймыз” деді. Бұл сөзді өз елімдегі басшылардан естуім керек еді. Бірақ айналама қарасам, мені құттықтап, құшақтап жатқанның бәрі шетелдік әріптестерім. Бір қазақ жоқ. Сол сәтте көзіме жас келді. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім”, - дейді Қасымханов.
Алайда халықаралық мәртебесі қалпына келгенімен, Қазақстандағы жағдай өзгеріссіз қалған. Оның айтуынша, шетелдік жарыстарға, семинарлар мен емтихандарға шақырту алып жүрген кезде де ұлттық чемпионаттарға бас сұқпаған.
Тек 2015 жылы Таразда өткен Қазақстан чемпионатына оны бас төреші етіп соңғы сәтте шақырған. Қасымханов жарыстан кейін бапкерлер мен федерация өкілдерінен төрелікке қатысты шағым болмағанын айтады. Оған федерацияда қызмет ұсынылатыны да айтылған. Алайда чемпионат аяқталған соң бұл уәде жауапсыз қалған.
Жақсы төреші жеңістің елу пайызына әсер етеді
Қасымханов Қазақстан боксының кейінгі жылдардағы нәтижесін тек спортшылар мен бапкерлердің дайындығымен бағалау жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, халықаралық жарыстарда елдің беделді төрешісінің болмауы боксшылардың нәтижесіне де әсер етеді.
“Бапкерлер “жақсы төреші жеңістің елу пайызы” деп айтатын. Бұл біреуге заңсыз ұпай алып беру деген сөз емес. Халықаралық ортада сенің еліңнен білікті төреші болмаса, сол мемлекеттің даусы да әлсіз естіледі. Қазақстан, Куба, Өзбекстан мен Ресей бокс державалары саналады. Бірақ өзге елдердің төрешілері халықаралық жарыстарда жүргенде, Қазақстан өкілінің болмауы үлкен сұрақ туғызады”, - дейді ол.
Қасымханов кейінгі жылдары төрешілер даярлау ісіндегі сабақтастық үзілгенін де сынға алды. Оның айтуынша, жастарға мүмкіндік берілуі қажет, бірақ жеткілікті тәжірибесі жоқ маманды бірден халықаралық жарысқа шығару отандық бокстың беделіне кері әсер етуі мүмкін.
“Реформа деп жүргеніміз екі жылға созылған экспериментке айналды. Жас төрешілер бар, бірақ тәжірибесі аз. Кейбірі кәсіби тұрғыда шыңдалудан бұрын шетелге барып, суретке түсуді ойлайды. Ал төрешілік атақ та, сапар да емес. Оның әр шешімінің артында спортшының тағдыры тұр. Көктемде қандай тұқым ексең, күзде соның жемісін көресің”, - дейді ол.
Ол федерацияның ақпараттық жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, әлеуметтік желіде қазақстандық боксшылардың тек сәтті соққыларын қиып көрсету жекпе-жектің шынайы барысын аңғартпайды. Мұндай бейнелер көрерменге жалған әсер қалыптастырып, спортшының нақты дайындығын бағалауға кедергі келтіретінін атап өтті.
“Бокстағы мәселені әдемі бейнероликпен жасыра алмайсың. Нәтиже шығару үшін рингтегі нақты жұмыс, мықты команда және кәсіби төрешілер мектебі қажет. Бірлік жоқ жерде тұрақты жеңіс те болмайды”, - дейді маман.
Қазаққа сырттан жау керек емес
Қасымханов өз тәжірибесінің Қазақстаннан гөрі шетелде көбірек бағаланып жүргенін қынжыла айтты.
“Қазақта “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген сөз бар. Бірақ өз еліңе білімің де, тәжірибең де қажет болмаса, сені бағалаған жерде жұмыс істеуге тура келеді. Мен басқа мемлекеттерде қызмет етсем де, Қазақстанға пайдам тисе екен деп жүрдім”, - дейді ол.
Тәжірибелі төреші мұның салдары халықаралық жарыстарда анық көрініп жүргенін айтады. Оның пікірінше, соңғы Азия ойындарында Қазақстаннан беделді төрешінің болмауы бірнеше даулы жекпе-жекте ұлттық құраманың мүддесін кәсіби деңгейде қорғауға мүмкіндік бермеген.
“Азия ойындарында Қазақстаннан бірде-бір төреші болған жоқ. Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның өкілдері жүрді, ал бокстан алдыңғы қатардағы ел саналатын Қазақстаннан маман бармады. Соның салдарынан жеңіске лайық бірнеше боксшымыздың жолы кесілді деп есептеймін. Біз екі алтынмен шектелмеуіміз керек еді”, - дейді Қасымханов.
Ол Қазақстанда тәжірибелі мамандар бірін-бірі қолдаудың орнына, жолын кесуге бейім тұратынын ашық айтты.
“Қазаққа сырттан жау керек емес. Кейде қазақтың өзіне қазақ жау болып жатады. Менің де жылдар бойы жинаған тәжірибем өз елімде бағаланбай, керісінше, жолымды кесуге әрекет жасалды”, - дейді ол.
Қазір Қасымханов Қазақ спорт және туризм академиясында бокс, ауыр атлетика және шығыс жекпе-жегі түрлері кафедрасын басқарады. Кафедрада таэквондо, каратэ, ушу-саньда және басқа да спорт түрлері бойынша мамандар даярланады. Оның айтуынша, шәкірттері халықаралық жарыстарда, соның ішінде Азия ойындарында жеңіске жетіп, жүлделі орындардан көрінген.
“Кафедрамызда он бестен астам спорт түрі бар. Студенттеріміз Азия ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жеңіске жетіп жүр. Таэквондо, каратэ, ушу-саньда бағытында нәтижелі өнер көрсеткен жастарымыз бар. Олардың әр жетістігі ұстаз ретінде біз үшін үлкен қуаныш”, - дейді Қасымханов.
Мәселеге кім назар аударады?
Шынтуайтында, Қазақстанда білікті төреші жоқ емес, бар маманға орын табылмай отыр. Сондықтан Берікбол Қасымхановтың басынан өтіп жатқан жағдайды бір адамның жеке реніші деп қарауға болмайды. Халықаралық деңгейде мойындалған, жиырма жылдан астам тәжірибесі бар маман неліктен өз елінің төрешілік құрамынан шет қалды? Оның орнына келген кадрлар қандай талаппен іріктелді? Елде қанша халықаралық дәрежедегі төреші бар? Кейінгі екі жылда оларды даярлауға қанша қаражат бөлініп, қандай нәтиже шықты? Бұл сұрақтарға федерация ашық жауап беруі тиіс.