Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің алғашқы отырысында төрт салалық комиссияның жетекшілері бекітіліп, 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Комитет отырысын оның төрағасы Марат Әзілханов жүргізді. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты.
Отырыс барысында Халық Кеңесі мүшелерін салалық комиссияларға бөлу мәселесі қаралды. Комитет төрағасы бұл құрылымдардың қоғамдық және сарапшылық әлеуетті біріктіріп, ел алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бекітілген шешімге сәйкес, Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі салалық комиссияны Рауан Кенжеханұлы басқарды.
Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Наринэ Микаелян, Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Ислам Байрамуков тағайындалды.
Ал Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссияға Мәди Мырзағараев жетекшілік ететін болды.
Отырыста комитеттің мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және Кеңес хатшылығымен өзара іс-қимыл бағыттары мен тетіктері де талқыланды. Негізгі назар қоғамдық ұсыныстарды салалық комиссиялар мен жұмыс топтарында сараптамадан өткізуге аударылды. Бұл жұмысқа тиісті сала мамандарын тартып, ұсыныстардың сапасы мен негізділігін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды. Құжатта сараптамалық кездесулер, кең ауқымды қоғамдық талқылаулар және кеңейтілген отырыстар өткізу қарастырылған.

Отырыс барысында қазақ тілін дамыту және жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін дамыту арқылы жалпыұлттық бірлікті нығайтып, мемлекеттілікті күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Рауан Кенжеханұлы өз ұсынысын таныстырды.
Ол қазақ әдебиетімен қатар әлем әдебиетінің үздік туындыларын, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этностардың әдеби және мәдени мұрасын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттау қажет екенін айтты.
«Қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінің үздік туындыларын, соның ішінде Қазақстанда тұратын өзге этностардың әдеби және мәдени мұрасын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттауға жағдай жасауымыз қажет», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Оның пікірінше, мұндай жұмыстар оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, мемлекеттік тіл арқылы Қазақстандағы түрлі мәдени мұраны тануға мүмкіндік береді.
Қазақ тілін оқыту мәселесін Ольга Спирина да көтерді. Ол қазақ тілін ана тілі емес, екінші тіл ретінде оқыту кезінде кездесетін кедергілерді атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі мектеп бағдарламалары оқушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыруға толық мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты ол әдіскерлер мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрып, қазақ тілін оқыту әдістемесін қайта қарауды, білім деңгейін бағалаудың нақты критерийлерін енгізуді және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді ұсынды.
Мәдениет саласын жаңғырту мәселесін Ирина Соловьева көтерді. Ол заманауи технологияларды пайдалану және тікелей қарым-қатынас форматын дамыту арқылы музейлерді жастар үшін тартымды орынға айналдыруды ұсынды. Сондай-ақ ол мәдениет саласын дамытуда меценаттықты күшейтіп, бизнес өкілдерімен әлеуметтік әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, кәсіпкерлердің мәдениетке қолдау көрсетуі адам капиталын дамытуға ықпал ететін бағыттардың біріне айналуы тиіс.
Комитет отырысында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта салалық комиссияларда сараптамадан өтеді. Жинақталған бастамалар Қазақстан Халық Кеңесі Бірінші сессиясының міндеттерін іске асыруға бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеуге негіз болады.