Астанада мемлекетке қайтарылған активтердің бірі аукционға шығарылып, инвесторлар таласып қалды

Кәмшат Тілеухан 07 ақп. 2025 12:53 1354

E-Qazyna электрондық платформасында мемлекет меншікке қайтарылған актив сатылды. Бұл арада Астанадағы тұрғын-үйге жатпайтын үй-жай туралы сөз болып отыр, деп жазады Dalanews.kz.

"E-Qazyna электрондық платформасында аукцион форматындағы сауда-саттық аяқталды, оның барысында мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің бірі - Астанада орналасқан тұрғын үйге жатпайтын үй-жай сәтті сатылды. Нысан ҚҚС-пен қоса алғанда 108 461 438 теңгеге, яғни бастапқы бағасы  84 584 305 теңгеден 23 877 133 теңгеге артық сатылды", делінген Қайтарылған активтерді басқару компаниясының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Компания атап өткендей, бұл мәміле инвесторлардың астаналық жылжымайтын мүлікке деген жоғары қызығушылығын танытып, осындай активтердің нарықтық әлеуетін көрсетеді. Барлық түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Олар мұндай қаражатты Қазақстанның экономикалық дамуын қолдау және маңызды әлеуметтік объектілерді салу үшін пайдаланатын болады.

Бұған дейін Алматыда өндірістік база сатылғаны хабарланған болатын. Актив бастапқы бағасы 1,6 млрд теңгеге (+12% ҚҚС) сатылды. Сондай-ақ, қайтарылған активтерді басқару компаниясы мемлекетке қайтарылған бірқатар объектілердің сауда-саттығын ұйымдастыру туралы хабарлама таратты. Онда әртүрлі активтер аукционға қойылған: Алматы мен Астанадағы жер учаскелері, тұрғын үйге жатпайтын үй-жайлар мен әкімшілік ғимараттар.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуда. Бүгін сайтымызда осы мақсатта Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Көксай ауылында жаңа мектептің құрылысына 1,4 млрд теңге бөлгені хабарланды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар