Астанада Кенесары ханның ескерткіші қайта орнатылды

Көркем Алдабергенова 26 мам. 2025 09:58

Астанада Есіл өзенінің жағалауында орналасқан Кенесары ханның ескерткіші тұғырына қайта орнатылды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол әлеуметтік желіде жариялаған видеосында ескерткіштің орнына қайта қойылғанын айтып, былтырғы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

– Өткен жылы ескерткішті жөндеу мақсатында уақытша орнынан алғанымызда, әлеуметтік желілерде түрлі қауесет тарады. Кейбір азаматтар тіпті “Кенесарының ескерткіші мүлде алынып тасталды, қайта қойылмайды” деген жалған ақпарат таратты. Шын мәнінде, мүсінге техникалық жөндеу қажет болды. Қайта орнату кезінде оның тұғыры бұрынғыдан биіктетілді. Бүгін барлық жұмыстар аяқталып, ескерткіш өз орнына қойылды, – деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Кенесары ханның ескерткіші 2023 жылы жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша алынған болатын.

Бұл ескерткіш – Астананың ең көрнекті нысандарының бірі. Ат үстіндегі хан бейнесі тек қазақстандықтардың емес, шетелдік туристердің де назарын аударған. Қола мүсінді мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шота Уәлиханов жасаған. Ескерткіштің тұғыры – граниттен жасалған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар