Астанада кәріз құдығынан нәресте табылған: 29 жастағы әйел ұсталды

Астанада кәріз құдығынан нәресте табылған: 29 жастағы әйел ұсталды
gov.kz

Астанада кәріз жүйесінен табылған жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша 29 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, әйел жаңа туған сәбидің өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген. Нәрестенің денесі тұрғын үйдің кәріз жүйесінен табылған.

Тұрғындардың айтуынша, күдікті әйел қонақүй бөлмесінде өздігінен босанған болуы мүмкін. Олардың болжамынша, кейін ол жаңа туған сәбидің денесін кәріз құбырына тастап жіберген. Соның салдарынан мәйіт құбыр арқылы ағып, көпқабатты тұрғын үйдің кәріз құдығына жеткен.

Оқиға 3 шілде күні белгілі болған. Кәріз жүйесіне қызмет көрсету мүмкіндігі болған жергілікті тұрғын құбырдағы бітелісті тексеру кезінде нәрестенің денесін тапқан.

– Алғашында кәдімгі бітеліс шығар деп ойладым. Ұзын таяқ алып, құбырды тазалай бастадым. Бітеліс ашылып, су кеткен кезде, әуелде біреу тауықты ағызып жіберген шығар деп қалдым. Бірақ кейін оның нәрестенің денесі екенін түсіндім. Екі аяғы көрініп тұрды, – деді жергілікті тұрғын.

Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.