Астанада кәріз жүйесінен шамамен алты айлық шарана табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Threads әлеуметтік желісінде елорда тұрғынының тұрғын үйдің жанындағы қонақүйге қатысты жазбасы кеңінен талқылануда. Оның айтуынша, тұрғындар бұл нысанда болып жатқан жағдайларға байланысты бірнеше рет полицияға жүгінген.
Жазба авторының сөзінше, ең сұмдық оқиға кәріз жүйесінен шамамен алты айлық шарананың табылуы болған.
Астана қаласының Полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады.
«Шарананың табылу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаның жеке басы анықталды», – деп хабарлады полиция.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмеді.