Астанада Есіл ауданы полиция басқармасында болған жанжалға сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 16 нау. 2026 09:42

Астана қаласы Полиция департаментіне қарасты Есіл ауданы полиция басқармасы қызметкерлері арасындағы жанжалға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 32 жастағы Әли Әбетаев бұрын учаскелік инспектор болып қызмет атқарған. Кейін ол Есіл ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінде бастықтың орынбасары лауазымына тағайындалған.

Оқиға былтыр маусым айында болған. Сол күні Әбетаев полиция бөлімінде кезекші болып қызмет атқарған. Ал оның тікелей басшысы Сәкен Ноғаев учаскелік инспекторлармен бірге қаладағы мейрамханаларды тексеру рейдіне шыққан.

"Тексеру барысында полицейлер "Тануки" мейрамханасында келушілерге кальян ұсынылғанын анықтаған. Сәкен Ноғаев кейінірек түсініктемесінде қызметкерлер әкімшілік хаттама толтырып жатқан кезде Әбетаев пен олардың ортақ басшысы Айдос Момбиев телефон арқылы хабарласып, мейрамханадан кетуді талап еткенін айтқан. Дегенмен сол сәтте полицейлер заңбұзушылық бойынша айыппұл рәсімдеп үлгерген", - дейді журналист.

Козачковтың мәліметінше, кейін Ноғаев "Berezka" мейрамханасына барған. Алайда оның қарамағындағы қызметкерлер Айдос Момбиевтің ашуына қаламыз деп қорқып, ішке кіруден бас тартқан. Сол кезде Әбетаев Ноғаевқа бірнеше рет қоңырау шалғанымен, Ноғаев телефон ақауына байланысты жауап бере алмаған.

"Кейін Әбетаев әріптестері арқылы Ноғаевпен байланысып, оны "Meat&Bear" мейрамханасының жанына келуге шақырған. Кездесу барысында Әбетаев Ноғаевтан неге қоңырауларға жауап бермегенін сұрай бастаған. Сөз арасында жанжал туындап, бастықтың орынбасары өз жетекшісіне қол көтеріп, оны ұрып-соққан. Тіпті тұншықтыру әдісін қолданғаны айтылды. Осыдан кейін Сәкен Ноғаев медициналық көмекке жүгініп, полицияға арыз түсірген", - дейді ол.

Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлға, соның ішінде Айдос Момбиев те жауап берген. Ол тергеу кезінде ешқандай заңсыз бұйрық бермегенін, мейрамханаларды "қорғаштау" туралы әңгіме шындыққа жанаспайтынын айтқан. Оның сөзінше, Ноғаевтан тек қызметтік есепті ортақ чатқа жібермегені үшін хабарласқан.

Бастапқыда Әли Әбетаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Алайда сотта прокуратура айыптың біліктілігін өзгертіп, жеңіл дене жарақатын келтіру бабы бойынша қарауды сұраған. Сот бұл ұсыныспен келісіп, бұрынғы полиция капитанын бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесті.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove