Аталған іс-шарада жетекші халықаралық сарапшылар, саясаткерлер мен цифрлық экономиканың өкілдері қазіргі заманның басты сын-тегеуріндерінің бірі – зияткерлік меншікті қорғау мен реттеу мәселелерін талқылады.
Шараны ашқан Әділет министрі Ерлан Сарсембаев Қазақстан зияткерлік меншікті орнықты даму, инвестициялық климатты нығайту және цифрлық трансформация жағдайында әділ ережелерді қалыптастыру үшін стратегиялық ресурс ретінде қарайтынын атап өтті.
Министр жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында авторлар, әзірлеушілер және қоғам мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие екеніне тоқталды.
Панельдік сессия барысында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Дарен Танг сөз сөйлеп, Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келгенін атап өтті. Өз баяндамасында ол Қазақстанның зияткерлік меншік саласында теңгерімді әрі болашаққа бағытталған саясатты ілгерілетуде көшбасшылық көрсетіп отырғанын, сондай-ақ цифрлық экономика мен жасанды интеллект жағдайындағы ИМ жүйелерін трансформациялау жөніндегі жаһандық пікірталастарға белсенді қатысып отырғанына ерекше тоқталды.
Пікір алмасуға Франция мен Солтүстік Македония министрлері, Малайзия мен Қытай делегациялары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері – Еуразиялық патент ведомствосының Президенті және Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қатысты. Үкіметтік емес сектор атынан Meta компаниясының өкілі сөз алып, алгоритмдік шығармашылық пен генеративті контенттің жаңа үлгілері жағдайында құқықтарды қорғау тетіктерінің трансформациясына қатысты жаһандық цифрлық платформаның көзқарасын ұсынды.
Панельдік сессия зияткерлік меншіктің болашағына қатысты стратегиялық көзқарастармен алмасуға арналған мазмұнды әрі сындарлы пікірталас алаңына айналды. Онда авторлық ұғымдарды қайта пайымдау қажеттілігінен бастап, құқықтарды қорғауды және инновацияларды ынталандыруды қамтамасыз ететін икемді реттеу шешімдерін әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан цифрлық дәуірдегі зияткерлік меншікке қатысты әділ әрі тиімді тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған ашық диалог бастамашысы ретінде халықаралық ынтымақтастыққа белсенділігін тағы бір мәрте көрсетті.