Freedom Inside '26

Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған цифрлық шағым беру жүйесі іске қосылды

Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған цифрлық шағым беру жүйесі іске қосылды
gov.kz

Қазақстанда әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында цифрлық шағым беру жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа жүйе әскери қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдарда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.

Цифрлық сервис арқылы әскери қызметшілер күш қолдану, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел хабарлай алады.

Өтініштерге жедел ден қою үшін Қарулы күштердің Бас әскери полиция басқармасында бірыңғай Call-орталық – «Жедел желі» жұмыс істейді. Келіп түскен әрбір хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.

«Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз жағдайда өткеруге ықпал етеді», – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери полиция басқармасы профилактика басқармасының бастығы, подполковник Әділхан Қалиев.

Оның айтуынша, әскери қызметшілер заң бұзушылықтарға бейжай қарамай, құқыққа қайшы әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет.

«Өтініштерге жедел әрекет ету құқық бұзушылықтардың бастапқы кезеңде жолын кесуге және әскери ұжымдарда заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Әділхан Қалиев.