Freedom Inside '26

Саясаттанушы: Қазақстан Қырғызстанмен жер алмасу ұсынысын қолдамауы мүмкін

Саясаттанушы: Қазақстан Қырғызстанмен жер алмасу ұсынысын қолдамауы мүмкін
ЖИ: Dalanews.kz

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы көтерген Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жер телімдерін айырбастау мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, сөз Тоқмақ қаласы маңындағы ұзындығы шамамен 800 метр болатын аумақ туралы болып отыр. Бұл жер Қырғызстанға ақылы автожол салу үшін қажет. Қырғыз тарапы Қазақстанға құны бірдей жер телімдерімен айырбастау жөнінде ұсыныс жасаған.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан бұл ұсыныстан бас тартуы ықтимал.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін аумақтық тұтастық мәселесі – аса маңызды әрі талқылауға жатпайтын тақырып. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік шекараны заңдық тұрғыда бекіту үшін ауқымды жұмыс жүргізілді. Сол кезеңде әрбір шаршы шақырым мұқият қаралып, кейбір жерлер бойынша өзара келісім жасалса, кейбірінде Қазақстан өз ұстанымын қорғап қалды.

Ол бүгінде Қазақстанның барлық мемлекеттік шекарасы толық делимитацияланып, демаркацияланғанын, халықаралық-құқықтық рәсімдер аяқталғанын атап өтті. Сондықтан бұл мәселені қайта көтерудің, тіпті бірнеше шаршы шақырым үшін болса да, ешқандай қажеттілігі жоқ деп санайды.

Әбішев сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасында аумақтық дау жоқ екенін еске салды. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекара, сондай-ақ Өзбекстан және Қытаймен түйісетін шекара нүктелері толық келісілген.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан Конституциясында да мемлекеттік шекараның қол сұғылмастығы мен ел аумағының бөлінбейтіндігі нақты бекітілген.

Оның айтуынша, мұндай ұсынысты қабылдау болашақта қауіпті прецедент қалыптастыруы мүмкін. Егер Қазақстан бір мемлекетпен шекараны қайта қарауға келіссе, кейін дәл осындай талаптарды басқа елдер де қоюы ықтимал.

«Жер мен аумақ мәселесі – мемлекеттер арасындағы тұрақтылықтың негізі. Бұл – талқылауға болмайтын мәселе», – деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан Қазақстанға шекарадағы жер телімдерін айырбастауды ұсынған болатын. 

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзовтің айтуынша, жолдың ұзындығы шамамен 150 шақырым болады. Әңгіме Тоқмақ маңындағы ұзындығы 800 метр болатын учаске туралы болып отыр.