Freedom Inside '26

Прокуратура “Terminalex” компаниясына қатысты қылмыстық істі тоқтатты

Прокуратура “Terminalex” компаниясына қатысты қылмыстық істі тоқтатты
Фото: freepik.com

Маңғыстау облысының прокуратурасы “Terminalex” ЖШС-не қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның жазуынша, бұған дейін “SK Petroleum” ЖШС үшінші тұлғаның қарызын өтеу есебінен “Terminalex” компаниясына шамамен 6 мың тонна мұнай берген. Кейін Жоғарғы сот екі компания арасындағы келісімді жарамсыз деп танып, мұнайды қайтару туралы шешім шығарған. Осыдан кейін “SK Petroleum” сот шешімі орындалмады деп полицияға арыз түсірген.

Алайда прокуратура тексеру барысында даудың қылмыстық емес, азаматтық-құқықтық сипатта екенін анықтаған. Сондай-ақ қайтарылуы тиіс мұнайдың әлдеқашан өңделіп, сатылып кеткені белгілі болғандықтан, сот шешімін орындау мүмкін емес деген қорытынды жасалған.

Бұған қоса, прокуратура Қылмыстық кодекстің 430-бабы бойынша істің заңда белгіленген мерзім сақталмай тіркелгенін де анықтаған.

Осы жайттарды ескере отырып, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Terminalex» ЖШС-не қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы қабылдады.