Астана халықаралық әуежайы: сандар, фактілер, даму динамикасы

Dalanews 01 ақп. 2025 13:02 203

Авиация – бұл технологияның, дәлдіктің және адам еңбегінің синергиясы. Әрбір сәтті орындалған рейс көп жағдайда көзден таса болып жатады. Алайда бұл - мыңдаған маманның үйлесімді жұмыс нәтижесі екенін ескерген жөн. Астана халықаралық әуежайы – еліміздің әуе қозғалысының жүрегі, мұнда қауіпсіздік, жайлылық және тиімділік бірінші орында. Ендеше авиация күні қарсаңында аталған әуе қатынасының сенімділігі мен қолайлығын қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі, нақты деректер мен әуежайдың даму бағыттары туралы айта кетейік, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2000 маман: тәулік бойы жұмыс істейтін ұжым

Астана халықаралық әуежайында 2000-нан астам қызметкер әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Авиациялық қауіпсіздік қызметі тәулік бойы әуежайдағы жағдайды қадағалап, әрбір жүкті мұқият тексеріп, әуе кемесіне кіру мүмкіндігін қауіпсіз етеді, кинологтар ықтимал қауіптердің алдын алады. Жер үсті қызметтері әуе кемелерін ұшуға дайындап, мұзға қарсы өңдеу жүргізеді және әуе кемесінің ауадағы тұрақтылығына әсер ететін багаж балансын бақылайды. Диспетчерлер мен рамп-агенттер әуе кемелерінің жердегі нақты қозғалысын қамтамасыз етеді, ал өрт сөндіру қызметі төтенше жағдай кезінде дереу әрекет ету үшін әрдайым дайын.

2024 жылы әуежай мамандарының жұмысының арқасында 107 тыйым салынған зат және тасымалдауға шектеу қойылған 27 552 зат анықталды. Кинологтар мен қызметтік иттер қауіп-қатердің алдын алатын және ұшу қауіпсіздігін қатаң бақылайтын — «көзге түспейтін» нағыз сақшылар. Елорда әуежайының ерекше қажеттіліктері бар жолаушылары әрқашан назарда. Биыл Астана әуежайы мүмкіндігі шектеулі 31 019 жолаушыға қызмет көрсетіп, олардың жайлы әрі кедергісіз қозғалысы үшін еңбек етті.

Айтарлықтай өсім мен жолаушылар ағыны

Астана халықаралық әуежайында жолаушылар саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы елорда әуежайында 8 315 108 жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық көрсеткіш. Ішкі әуе қатынасы 9 пайызға, халықаралық - 16 пайызға өсті.

  • Ішкі әуе тасымалы – 5 668 234 жолаушы (+9%).
  • Халықаралық әуе тасымалы – 2 646 874 жолаушы (+16%). 

Саяхаттау ыңғайлы болып, бағыттардың саны да арта түсті.

Әуежайда рейстер жиілігін арттыру әрі жаңа бағыттар санын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Еуропаға, Таяу Шығысқа, Оңтүстік-Шығыс Азияға және ТМД елдеріне әуе рейстері қайта жанданды. Әлемнің ірі қалаларына, соның ішінде Абу-Даби, Сеул, Тбилиси, Прага, Санкт-Петербургке, сондай-ақ Камрань, Бодрум және Пхукет сияқты танымал туристік бағыттарға ұшу жиілігі ұлғайтылды.

2024 жылы алғаш рет Душанбе, Фукуок, Пхукет және Милан қалаларына рейстер ашылды.

Бұл өсім Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға, әуежайдың халықаралық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Жүк тасымалы: жаңа рекордтар

Әуежайдың логистикалық әлеуеті күшейіп келеді. Жыл ішінде 12 470 824 келі жүк пен пошта өңделді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға артық. Бұл ретте халықаралық жүк тасымалы 78%-ға өсті, бұл жаһандық логистикада әуежай беделінің көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Заманауи инфрақұрылым – жаңа мүмкіндіктер

Елорда әуежайы ұшу қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге тағы бір қадам жасады. Астана әуежайында халықаралық стандарттарға толық сай келетін ұшақтарды эвакуациялауға арналған заманауи құрал-жабдықтар ұсынылды. Аталмыш техника кез келген ұшақпен, соның ішінде ең ірі Airbus A350 және Boeing 747-8 ұшақтарымен жұмыс істеуге қабілетті.

Сонымен қатар әуежай өрт сөндіру көліктерінің әлемдегі ең озық үлгілерінің бірі – Rosenbauer Panther 6x6 елімізде бірінші болып Астана халықаралық әуежайында пайда болды. Ол Австриядағы Rosenbauer International AG зауытында өндірілген және ең жоғары қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Бұл оқиға орнына тез жетіп, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ете алатын бірегей техника.

Rosenbauer Panther 6x6 көлігі небәрі 30 секундта 80 км/сағ жылдамдыққа жетеді, бұл төтенше жағдай аймағына қысқа мерзімде жетуге мүмкіндік береді. Ең жоғары жылдамдығы 115 км/сағ, бұл оны өз класындағы ең жылдам көліктердің бірі етеді. Өрт сөндіру көлігінің арнайы дизайны 50%-ға дейінгі еңістерді еңсеріп, 30 градусқа дейінгі бүйірлік еңістерге төтеп бере отырып, тіпті қиын жерлерде де сенімді қозғалуға мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру үшін Rosenbauer Panther 12500 литрлік су ыдысымен, 1500 литрлік көбікті резервуармен және 250 кг ұнтақпен сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сорғы минутына 9 000 литрге дейін су береді, ал ағынның диапазоны 100 метрге жетеді. Осының барлығы өрттерді мүмкіндігінше тезірек оқшаулауға және ықтимал зардаптарды азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әуежайдың апаттық-құтқару қызметінің жұмыскерлері әуе кемелеріндегі өрттерді сөндірудің түрлі сценарийлерін жаттықтыра отырып, арнайы дайындықтан өтті. Мұндай технологияны енгізу әуежайға ұшу қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.

Болашақ: жаңа сапа стандарттары

2025 жылдың қаңтарында Астана қаласының әкімдігі мен «Terminals Astana Airport Management» ЖШС арасында жаңа сенімгерлік басқару шарты жасалды. Қазіргі уақытта инвестор мен қазақстандық тарап арасында ұзақ мерзімді инвестициялық келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде инвестор жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, қолданыстағы ұшу-қону жолағын қайта құруды, екінші ұшу-қону жолағын салуды, терминалдарды кеңейтуді және жаңа терминал салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ инвестор әуежайдың қазіргі инфрақұрылымымен жұмыс істеп, авиакомпанияларды көбірек тарттырып, маршруттар желісін кеңейтеді, сондай-ақ жолаушылар ағынын арттыру бойынша жұмыстар жүргізеді.

Авиация күні – әуе қатынасын дамытып, елдер мен көптеген жүректі тоғыстыратын жандардың мерекесі

Астана халықаралық әуежайының мыңдаған қызметкері – жолаушылардың көзіне түспесе де, олардың сәтті сапар жасауы үшін аса маңызды жұмысты атқарып жүрген мамандар.

Авиация саласындағы барша жанды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

Аспан әрдайым ашық, әр рейс сәтті болсын!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар