Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы
2017 жылғы 20 маусым №381 Астана, Үкімет үйі
Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы премьер-министрі Сағынтаев.
Айта кететін жайт, Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы әуежай ұжымы көтерген болатын. Сондай-ақ еске салайық, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында елбасының есімін маңызды нысандарда көрсету ұсынылған. Декларацияда : «Ел Конституциясында Тұңғыш президент – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік ел» құндылықтарын қастерлеу», – делінген еді.