Ассамблея су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетпеді деген жалған сөз - депутат

Геннадий Шиповский 09 сәу. 2024 16:47 3358

Соңғы кезде түрлі бейне және жазба материалдарды көріп аң-таң болып жүрмін! Мысалы Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқыны кезінде қайда? Ассамблея не істеп жатыр? Ассамблея керек емес, Ассамблея қандай көмек беріпті? Деген пікірлер көбейіпті! Ол дұрыс емес ағайын!

Қазақтың жақсы сөзі бар “Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын” деген! Елімізде қайғылы жағдай орын алған сәттен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек беру үшін, арнайы Республикалық штаб құрып, одан әрі қарай өңірлерде штабтарды құрып гуманитарлық көмек беру бойынша жұмысты үйлестіре бастады.

Қазір біздің Ассамблея жанындағы “Ассамблея жастары” ұйымының еріктілері барлық су басқан облыстарда көмектерін көрсетіп жатыр!

Егер де жалпылама айтатын болсақ бүгінгі күнге дейін Ассамблея мүшелері судан зардап шеккен облыстарға “Жүректен жүрекке” акциясы аясында 227 тонна гуманитарлық көмек жіберді, 277 миллион теңге жинап, қаржылай көмек көрсетуде.

Сонымен қатар өңірлерде 10 мыңға жуық еріктілер зардап шеккен азаматтарға, құтқарушыларға, әскери қызметкерлерге, құрылысшыларға өз көмектерін беріп жатыр.

Сондықтан қадірлі ағайын Ассамблея үнсіз отыр, Ассамблея ештеме жасап жатқан жоқ деп айту дұрыс емес деген ойдамын.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде жалған ақпарат өте көп, мысалы Ассамблеяға қыруар ақша бөлінеді, Ассамблея бюджетке қарап отыр деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Достар бұл таза миф!

Барлық көрсетіліп жатқан, жоғарыда аталып өткен Ассамблея тарапынан берілген көмек жайында айтатын болсақ, бұл Ассамблея жанындағы түрлі кәсіпкерлер, меценаттар және этномәдени бірлестіктердің көмегі! Аман болайық достар! Күшіміз бірлікте!

Геннадий Шиповский, ҚР Мәжіліс депутаты


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар