Асанәлі Әшімов: «Біз Жапонияға кетіп, коллектив демалғанда театрға аппаратура орнатқан»

Dalanews 10 қаң. 2018 03:22 847

Қазақстан театрлар қауымдастығы парамен ұсталған актер Ерлан Біләлға араша сұрап отыр.

Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған өнер саласының майталмандары үзеңгілестеріне әдейі ор қазып, осы жағдайды ұйымдастырған адамдардың сот алдында жауап беруін талап етті, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Естеріңізге салсақ, Әуезов театрының директоры бірнеше күн бұрын 1 жарым миллион  теңге пара алу кезінде ұсталған болатын.

Ол кінәсын бірден мойындағандықтан, тергеу аяқталғанша бостандықта жүрмек.

Әкем театрдың сахнасы бүгін күрсініске толды. Жиналған әртістер қауымының жанарлары солғын тартқан. Үзеңгілестері Ерлан Біләлдің басына түскен жағдай олардың да қабырғасын қайыстырғандай. Мүйізі қарағайдай Асанәлі Әшімов бастаған, Нұрлан Оразалиндер қостаған зиялылар араша сұрап, ағынан жарылды. «Құлагерді» сүріндірген Батырашты ел білуі тиіс екенін айтты.
– Осыны ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын.  Біз Жапонияға кеткенде, коллектив демалып жатқанда театрдың ішіне аппаратура орнатқан.  Ауырып жатқан жерінен шақыртып осындай жағдайға душар қылған, – деді Қазақстан театрлар қауымдастығының президенті Асанаәлі Әшімов.

Қаңтардағы «Ерлан парамен ұсталды» деген хабар демде от тиген қаудай лап етті. Құзғынға жиналған қарғадай, оны қаралағандар да қаптады. Өсектен өзектері өртенген өнер өкілдері Ерланның бір қателігі үшін тұнған талантын таптап, тұншықтыруға болмайтынын, директорлық тағынан тайғанмен, әртістік арғымағынан түспеуі керек екенін айтады.
– Ерлан таза қалпы, өзінің ақ көйлек болмысымен, сенгіштігімен келіп осы жайсыз жағдайдың құрбаны болып отырғаны секілді .  Тарихтан білеміз Моцарт пен Салеридің қалай болғанын. Демек арамызда Селерилер әлі бар. Олар ең қиын әрекетке барып отыр, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин.

Ерланның әріптестері оның адамдығын айтып ақтап, емірене, көздеріне жас алып егілді.

Жалғанды жалпағынан басқандар,

Ар-абыройдан асқандар,

Бәрі де сенің оғыланын, бәрі де.

Табала мейлі, тала мейлі,

Талып жығылған тұлғанның табанына

Ақ баталы алақанынды төсе мейлі,

Ол сенікі қазақ!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар