2025 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитеті (ХАҚҚ АК) Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоба қашықтықтан зондтау деректері мен заманауи спутниктік картографиялау технологияларын қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтыну нормалары мен суару режимдерін нақтылауды көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоба Француз даму агенттігінің (AFD) гранттық қолдауымен іске асырылуда және екі жылға жоспарланған. Нәтижесінде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша ғылыми негізделген, жаңартылған су тұтыну нормалары әзірленіп, су ресурстарын ұзақ мерзімді жоспарлауға арналған заманауи аналитикалық база қалыптастыру көзделген. Бұл жердің тұздануы мен тозуы тәуекелдерін азайтуға да ықпал етпек.
Ғылыми-зерттеу және сараптамалық жұмыстарды жүргізуге Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазСШҒЗИ) мен Су шаруашылығын мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы (СШМҮК ҒАО) тартылған. Жиналған материалдар климаттың өзгеру жағдайын ескере отырып, мемлекеттік органдарға, ғылыми ұйымдарға және сала мамандарына ұсынылады.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстандағы 1,7 миллион гектардан астам суармалы жерді қамтиды. Атап айтқанда, Қазақстанның Түркістан және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Өзбекстанның Ферғана алқабындағы Әндіжан, Наманған және Ферғана облыстары зерттеу аумағына енген. Осы өңірлерде климат, топырақ, жер асты сулары және ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайы бойынша деректер жинақталып, жаңартылады.
2026 жылғы 27 қаңтарда Шымкент қаласында жобаны іске асырудың алғашқы жылының қорытындысына арналған алғашқы аймақтық семинар өтті. Онда гидромодульдік аудандастыруға қатысты алдын ала материалдар мен далалық зерттеулердің нәтижелері ұсынылып, тәжірибе алмасу жүргізілді.
Жоба аясында барлығы үш аймақтық семинар өткізу жоспарланған. Келесі кездесулер Қызылорда мен Ташкент қалаларында өтеді. Бұл іс-шараларда зерттеудің нақтыланған қорытындылары мен ұсыныстарын ұлттық және мемлекетаралық су ресурстарын басқару тәжірибесіне енгізу жолдары талқыланбақ.
Сарапшылардың пікірінше, жоба аймақта су қауіпсіздігін нығайтуға және Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады.
