Ақтөбеде сарбазды соққыға жыққан сержант бір жылға сотталды

Ақтөбеде сарбазды соққыға жыққан сержант бір жылға сотталды
ЖИ: Dalanews.kz

Ақтөбеде мерзімді әскери қызметтегі сарбазды ұрып-соққан сержантқа қатысты сот үкімі шықты. Әскери сот оны билігін асыра пайдаланды деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырды., деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, сержанттың күш қолдануы салдарынан мерзімді әскери қызметші дене жарақатын алған. Сараптама қорытындысы бойынша оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Сот барысында прокурор айыпталушыға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші кінәлі адамның заң аясында жазалануын талап еткен.

Өз кезегінде айыпталушы тағылған айыпты толық мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Сот үкіміне сәйкес, сотталған сержант жәбірленушіге 1,6 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Оның ішінде:

  • 700 мың теңге – моральдық зиян үшін;
  • 900 мың теңге – сарбаздың адвокат қызметіне жұмсаған шығындарын өтеуге бағытталған.

Айта кетейік, сот процесі кезінде сержант тек адвокат шығындарын өтеуге ғана келісім берген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.