Ақтауда қорлықтан қаза тапқан Алина Серікованың атына рәсімделген несие қалай өтелетіні белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы марқұм қыздың ағасы Бауыржан Жолжан Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.
Ағасының айтуынша, күдіктілер оны 2 миллион теңге көлемінде тауарлық несие алуға мәжбүрлеген.
“Олар оны осылай істесе ғана босататындарын айтқан. Сәйкесінше, Алинаның басқа амалы болмаған. Несие рәсімделген соң, қылмыскерлер базарға барып, таныс сатушы арқылы ақшаны қолма-қол шешіп алған. Кейін мен қарындасымның қайтыс болғаны туралы анықтаманы алып, банкке барып, оның есепшотын жабу үшін құжаттар жинадым. Себебі несиеге өсімпұл қосылмауы керек еді,” – дейді Бауыржан Жолжан.
Оның айтуынша, сот апелляцияны қарастырып, айыпталушылардың үкімін өзгерткеннен кейін, оларға материалдық және моральдық өтемақы төлеу, сондай-ақ 2 миллион теңге көлеміндегі несиені жабу міндеттелген.
“Олардың отбасы бұл соманы өтейді деп ойлаймын. Сот белгілеген материалдық және моральдық өтемақыны алған соң, қарындасымның есепшотын ашып, сенімді тұлға ретінде бұл несиені жабатын боламын,” – деді марқұмның ағасы.
Еске салайық, бұған дейін nemolchikz_official әлеуметтік желіде 2024 жылдың мамыр айында Ақтауда болған жантүршігерлік оқиғаны жариялаған еді.
14 мамыр күні түнде Ақтауда бір топ ер адам фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеген қызды көлікке күштеп отырғызып, мефедрон беріп зорлаған. Таңға дейін қызды қинап, қала берді телефоны арқылы 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Қыздың туыстары сот шешіміне шағым түсіріп, істің әділ қаралуын сұрап, аппеляцияға берді.
31 қаңтарда сот басты фигурант Нұргелді Сейітқалиевті өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Қалған сотталушыларға ұзақ мерзімді жаза тағайындалды:
Еркебұлан Аманқос – 16 жыл
Аралбай Мерей – 13 жыл
Дархан Құлбас – 13 жыл
Қуаныш Үсенғали – 13 жыл
Марқұмның отбасына моральдық және материалдық шығын ретінде 30 миллион теңге төленеді.
Алина Серікованың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның туыстары сот шешімі әділ болуын талап етіп, басты айыпталушыға ең қатаң жаза берілуін сұраған еді. Бұл жағдай Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.