АҚШ өз еркімен елден кететін мигранттарға 3 мың доллар төлемек

Қаракөз Амантай 23 жел. 2025 09:25

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі елден өз еркімен кететін мигранттарға берілетін жәрдемақыны үш есе ұлғайтты. Енді жыл соңына дейін арнайы CBP Home қосымшасы арқылы тіркелген азаматтар 3 мың доллар көлемінде қаржылай төлем мен тегін әуе билетін ала алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бағдарламаға қатысушылар елден кету мерзімін бұзғаны үшін қарастырылған азаматтық айыппұлдардан босатылады. Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 1,9 миллион адам осы тетік арқылы АҚШ аумағынан өз еркімен кеткен.

Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм аталған акция аяқталғаннан кейін елде заңсыз жүрген мигранттарды іздеп тауып, мәжбүрлі түрде депортациялау шаралары күшейтілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, "өз еркімен елден кету" бағдарламасын көктемде АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған болатын. Оның айтуынша, бір адамды мәжбүрлі түрде депортациялау АҚШ бюджетіне шамамен 17 мың доллар шығын келтіреді. Осы себепті билік ерікті түрде кету тетігін экономикалық тұрғыда тиімді шешім ретінде қарастырып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар