АҚШ доллары тағы құнсыздана түсе ме? Сарапшы геосаясатта не болып жатқанын айтты

Кәмшат Тілеухан 12 ақп. 2025 15:37 2517

Соңғы күндері АҚШ валютасы қомақты түрде құнын жоғалтуда. Бақандай 530-дан қазір 500 теңгеге дейін түсіп, тіпті одан да төмендеп жатқан жайы бар. Бұған, әдеттегідей, салық маусымы кезеңінен гөрі геосаясат көбірек ықпал етіп жатқан секілді, деп жазады Dalanews.kz.

Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, бүгін Ресей Федерациясында рубль нығайып, 1 АҚШ доллары 93 рубль болған. Әрине, оның теңгеге де ықпалы болмай қалмапты. Ол бүгін немесе ертең 1 АҚШ долларының бағасы 500 теңгеден де төмендеуі ықтимал екенін айтады әрі Ресейде АҚШ валютасына шаққанда рубльдің нығаюы және шетел валютасына деген сұраныстың күрт төмендеуіне геосаясат түрткі болуы мүмкін деп санайды.

"Politiko, Associated Press және басқа да осы секілді көптеген беделді саяси басылымдар кешелі бері өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Трамптың Ресей мен Украина қақтығысындағы барлық тараптарды бейбіт келісімге келу үшін қысым жасап жатқанын жарыса жазуда. Егер Трамп өзінің сайлауалды уәдесін орындай алса, онда болашақта Ресей экономикасына қысым деңгейі төмендеуі мүмкін. Әрине, бұл санкциялардың бірден алынатынын білдірмейді, бірақ, ең құрымағанда, санкция қысымы босаңсып, онымен байланысты тәуекелдер біртіндеп азаюы мүмкін. Қазақстан үшін бұл да жақсы хабар бола алады ма, қалай? Тек ақша бағамына жасалған қысымды төмендету факторы тұрғысында ғана емес", - деп жазды ол Tengemonika Telegram арнасында.

Бұған дейін биржада 1 АҚШ долларының құны 500 теңгеден де төмендегенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Дональд Трамп доллардан бас тартуы мүмкін деген қауіппен БРИКС-ке доқ көрсеткен болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар