Батыс Қазақстан облысында алаяқтар сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2025 жылы шілдеде Қаратөбе ауданының прокуратурасы WhatsApp пайдаланушылардың қаражатын жымқырумен айналысқан топты сотқа берген. Алаяқтар Қазақстан азаматтарымен хат алмасып, өздерін туысқан ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен ақша аудартқан. Алаяқтық схемаға дроппер белсенді қатысқан, оның банк шоты арқылы шамамен 5 миллион теңге көлемінде ақша шығарылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында олардың 15 эпизодқа қатысы бары анықталған. Жәбірленушілер арасында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының, сондай-ақ, Жетісу облысы мен Алматы қаласының тұрғындары бар.
Сот үш алаяқтың барлығын кінәлі деп таныды. Олардың екеуі 3 жылдан 4 жыл 1 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал біреуіне 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын толық қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.