АҚШ-та Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас орнатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы АҚШ-тағы қазақ азаматы Сапарбек Нағашыбеков хабарлады.
Оның сөзінше, Вашингтонда қазақтың ұлы жазушысы, зерттеушісі әрі тарихшысы Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас орнатылып, Америкадағы “Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының” ресми таныстырылымы өткен.
"Мұхтар Мағауин бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнады. Ол 85 жасқа келгенше 27 томдық еңбегін жазып, қазақтың бес ғасырлық тарихын рухани тұрғыда түгендеп берді. Болашақ ұрпақ атамыздың ұлы еңбегін әлі талай бағалайтыны сөзсіз. Қазақтың тарихында осыншама кітаптар жазған жазушы болмаған", - дейді Сапарбек Нағашыбеков.
Ол Мұхтар Мағауиннің басты еңбектерін атап өтті.
1. Қазақ тарихын орыс көзқарасымен емес, қазақтың өз көзімен көрсетті
2. Ұмыт қалған тарихи деректер мен тұлғаларды тірілтті
3. Әдебиет арқылы ұлттық тарихи сананы қайта оятты
4. «Қазақта мемлекет те, идея да, ойшыл да болмаған» деген жалған түсінікті жоққа шығарды.
"Мағауин атамыздың еңбектері басқа ұлтпен, жұртпен тереземіз тең екенін, бай тарихымыз бар екенін ұғындырды. Басымызды тік көтеріп, қазақпын деп айтуға сенім берді. Алланың қалауымен, осындай данышпан тұлғаның топырағы Америка жеріне бұйырыпты. Мұхтар Мағауин жатқан жер де енді қазақ үшін киелі мекен деп қабылданары сөзсіз. Қазақ қалай Берлинге барғанда Мұстафа Шоқайды іздесе, енді солай Америка астанасына келгенде Мағауин басына келемін деп ниет етері ақиқат. Қазақ тарихынан бір университет беретін білімді жазып кеткен ұлы тұлға - білімде, тарихта, кітапта шекара жоқтығын көрсетіп тұрғандай. Қайда топырақ бұйырғаны жәй шарттылық. Ал, орындалған миссия, артынан қалған еңбек, міне ол - шексіз! Мәңгілік! Осы еңбектері үшін біз, қазақ халқы, Мұхтар Мағауинге қарыздармыз. Қазаққа осындай тұлғаны берген Аллаға сансыз шүкір, шексіз мадақ болсын", - дейді Нағашыбеков.
Айта кетейік, Мұхтар Мағауин биыл 10 қаңтарда өмірден өтті.
Мағауиннің қазасы нені ұқтырды?
Мұхтар Мағауин соңғы сұхбатында Назарбаевтың билігіне баға берді