АҚШ Қытайдың тағы 43 компаниясына санкция салды

АҚШ Қытайдың тағы 43 компаниясына санкция салды
жи: dalanews

АҚШ билігі Қытайдың тағы 43 компаниясын өнімдерін ел аумағына импорттауға тыйым салынған ұйымдар тізіміне енгізді. Вашингтонның мәліметінше, бұл кәсіпорындар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мәжбүрлі еңбекке қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Санкциялық тізімге тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия және теңіз өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін қытайлық компаниялар енді. Жаңа шектеулер 31 шілдеден бастап күшіне енді. Осы өзгерістен кейін АҚШ-тың қара тізіміндегі қытайлық компаниялардың жалпы саны 187-ге жетті.

Бұл шаралар 2021 жылдың соңында қабылданған Uyghur Forced Labor Prevention Act («Ұйғырларды мәжбүрлеп жұмысқа жегудің алдын алу туралы» заң) аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған заңға сәйкес, Шыңжаңнан жеткізілген кез келген өнім оның мәжбүрлі еңбекпен өндірілмегені дәлелденбейінше, заңсыз еңбек нәтижесі ретінде қарастырылады.

АҚШ билігі Қытайды ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылықтардың құқықтарын жүйелі түрде бұзды деп айыптап келеді. Өз кезегінде Қытай бұл мәлімдемелерді саяси астары бар айыптаулар деп бағалап, Шыңжаңдағы саясаты экстремизммен күресуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартады.