Жұма күні әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандай бастады. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздер әсер еткен. Дегенмен энергетикалық нысандарға жасалып жатқан шабуылдар бағаның күрт төмендеуіне жол бермей отыр, деп хабарлайды dalanews.kz reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,87 долларға немесе 0,82 пайызға төмендеп, барреліне 105,73 доллар болды. Ал WTI бағасы 1,56 долларғ, яғни 1,65 пайызға арзандап, 93,05 долларға түсті.
Бұған дейін мұнай нарығында баға құбылып, екі негізгі марканың құны бір күнде 5 пайызға дейін көтерілген еді. Сауда қорытындысында Brent 3,4 пайызға, WTI 2,7 пайызға қымбаттады.
Қазір Brent пен WTI арасындағы баға айырмасы барреліне 12,68 долларға жетті. Бұл мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Америкалық мұнайдың бағасына АҚШ-тың дизель отынын экспорттауға тыйым салуы мүмкін деген қауіп те ықпал етіп отыр.
Осы уақытта АҚШ пен Иран өкілдері Нью-Йоркте қақтығысты кезең-кезеңімен тоқтату мүмкіндігін талқылап жатыр. Ұсынылып отырған жоспар бойынша Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жандануы мүмкін. Оның орнына Вашингтоннан Иранға салынған экономикалық шектеулерді алып тастау талап етіледі.
Ақпан айының соңында басталған қақтығыстан бері әлемдік мұнай мен газ жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі іркіліске ұшыраған. Соның салдарынан наурызда мұнай бағасы күрт өсіп, сұйытылған табиғи газ сатып алушылар балама жеткізушілер іздей бастаған.
Алайда тараптардың ортақ келісімге келетіні әзірге белгісіз. Иран президенті Масуд Пезешкиан соғыстың аяқталуы АҚШ-тың шешіміне байланысты екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар аймақтағы энергетикалық инфрақұрылымға жаңа шабуылдар жасалу қаупі сақталып отыр. Сауд Арабиясы Иран қолдайтын хуситтер Таиф қаласы мен Янбу аймағына қарай ұшырған алты баллистикалық зымыранның жолда жойылғанын хабарлады.
"Негізгі мұнай нысандарына төнген қауіп әлі де сейілген жоқ", – деді KCM Trade компаниясының бас сарапшысы Тим Уотерер.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Сауд Арабиясы мұнайды Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу терминалына жеткізетін East-West құбыры арқылы тасымалдау көлемін арттырып жатыр. Алайда танкерлермен мұнай жөнелту әлі қалпына келтірілген жоқ.