Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу дерегіне қарағанда, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринария станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәлімет негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы дерекке сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтініште аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асқан. Кооператив директорына үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.