Ақмола облысының әкімі Бектеновтің сынына ұшырады

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2025 13:57 530

Премьер-министр Олжас Бектенов үйлерді су басуына байланысты Ақмола облысының әкімдігін сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысының сөзінше, ел бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты. Алайда Ақмола облысында жағдай күрделене түскен, 100-ден аса тұрғын үй су астында қалған. Премьер-министрдің айтуынша, залалдың алдын алуға болар еді.

"Су басу себептері елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың тиісінше жүргізілмеуі болды. Мысалы Старый Колутон ауылында Колутон өзенін тазарту, жағалауды нығайту және түбін тереңдету жұмыстары тек 3 шақырым учаскеде жүргізілді, бұл жобада 11 шақырым жұмыс көзделген. Салдарынан өзен арнасынан асуына байланысты үйлер су астында қалды. Су деңгейі жоғары емес, бірақ оны да болдырмауға болар еді", - деді Бектенов.

Сондай-ақ, зардап шеккен елді мекендердің қатарында Макинск қаласы да бар. Бектеновтің айтуынша, жергілікті билік қаланы су тасқынынан қорғау бойынша қажет шараларды уақтылы қабылдамаған.

Премьер-министр өңірде жыл сайын су тасқыны кезінде сол баяғы елді мекендерді су басатынын айтып, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа ескерту жасады.

"Ақмола облысында қабылданып жатқан шаралар тиімсіз. Марат Мұратұлы, жоспарларыңызды қарап шығыңыз және биыл барлық қажет жұмысты орындаңыз. Үйлері мен учаскелерін су басқан адамдарға көмектесіңіздер", - деп қорытындылады Бектенов.

Бұған дейін қандай жағдай болды?

Ақмола облысындағы ауылдарда үйлерге су кірді. Себебі Есіл өзені арнасынан асып кетті. Соның салдарынан  Ақан Құрманов ауылындағы төрт үйге су кіріп, ауласы малмандай су болды.

Құтқарушылар тұрғындардың баспаналарын құм салынған қаппен қоршап, көшелерге қосымша қорған жасады.

Ал Астрахань ауданында тасқын салдарынан тұрғындар қара түнекте қалды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар