«Ақжолдықтар» Өскемендегі 100 жылдық тарихы бар мектептің ұстаздарымен кездесті

Dalanews 06 қаң. 2021 12:51 758

«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев үгіт-насихат жұмыстарымен Өскемен қаласына барып, Ж.Жабай атындағы қазақ мектеп-интернатының ұстаздарымен кездесіп, саяси ұйымның ұстанымы мен алға қойған мақсаты жайын түсіндірді. Аталмыш мектеп елімізге аты кеңінен танымал болған білім ордасы. Жүз жылдық тарихы бар мектептің шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жұмыс істеуде.

– Жүз жылдық тарихы бар бұл интернатта бүкіл Шығыс Қазақстанның барлық өңірінен қазақ балалары оқу оқып, білім нәрімен сусындады десем болды. Сонымен қатар бұл мектеп Кеңес заманында Өскемендегі жалғыз қазақ мектебі болған. Қазақ балаларын ана тілінде білім алуына мүмкіндік берді. Бұл мектептен «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов білім алған, – деп атап өтті Азат Тұрлыбекұлы.

Мектеп бүгінде өзінің шәкірттерін ғана емес, Қанипа Бітібаева секілді ұстаздарын да мақтана алады. Ол – мыңдаған балалар мен қыздардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатын оятып, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов және басқа да классиктердің шығармаларымен сусындатқан майталман ұстаз.


Өз кезегінде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев мырза саяси ұйымның еліміздегі білім беру саласын жан-жақты дамуына барынша ықпал ететінін алға тартты. Сонымен қатар сайлаушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

(Материал ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қоры қаржысы есебінен төленді)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар