Саналы ғұмырын қасиетті өнерге арнап, халықтың алғысына бөленіп жүрген белгілі эстрада әншісі, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» Гүлнара Кеңесбекқызы Қазақстан эстрадасының өркендеп, гүлденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан кәсіби әнші әрі тәжірибелі педагог.
Бойына біткен талантының арқасында таланына қарай еткен еңбегі де еш кеткен жоқ. Мектеп сахнасынан бастау алған өнер өресінің биігіне қарай қанаты талмай тер төгіп келеді. Өнер өз биігіне жетелей жүріп, оны талай шың-құздардан құлатса да, ән әлеміне қайта шарықтаудан қанаты бір талған емес. Бірде әншінің бағын ән ашса, енді бірде әннің бағын әнші ашатынының нағыз кейіпкері осы Гүлнара Кеңесбекқызы десек те болады.
– Байқоңыр қаласының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты мерекеге келген екі ел Президенттері В. Путин мен Н. Назарбаев алдында «Менің Қазақстаным» әнін орындап шығу (ол кезде жай ғана ән болатын) менің бақытыма бұйырды, – дейді өнер иесі. Осы әннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы маған «Қазақстан Республикасының мәдениет кайраткері» атағын беру туралы ұсыныс жасапты, ал «Менің Қазақстаным» әні Елбасының редакциялауымен әнұранға айналды. Осы орындаудан кейін араға жарты жыл салып, кеудеме «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» белгісін тағып, атақ алдым. Бұл менің өнерге арнаған 20 жыл өмірімнің нәтижесі деп білемін.
Жеті жасымнан бастап мектеп сахнасында ән айтып, би билей бастадым. Бала кезімде осы өнерімді тап баса білген өмірімдегі ең қадірлі жан, анам Ойынкүл Дүйсебекқызы орындайтын әр әніме жеке-жеке көйлектер тігіп беретін. Халық әндерін жақсы көрдім. Көңілім қалаған кезде романс, классика жанрындағы әндерді де сүйіп орындаймын. Алғаш бітірген оқу орным Қызылорда Музыкалық Училищесінің вокал класы болды, бұған қоса анамның клавиатуралық сопрана дауысы жаныма жылы әсер ететін. Әншілік өнер анамнан дарыған болуы керек. Оның үстіне нәзік жанды әйел үшін қызығы мен қиындығы бірге жүретін өнер жолына бағыт-бағдар беруші де анам болды.
Колледжді бітіріп, қолыма диплом алғаннан кейін Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында белгілі сазгер Рамазан Таймановпен канаттасып, мәдени салада бірге қызмет атқардық. Тоқсаныншы жылдары Байқоңыр қаласындағы офицерлер Үйінің өншісі болып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту жолында еңбек еттім, қазақ әндері мектебін қалыптастырып, шәкірт тірбиеледім.
Сондай-ақ, белгілі эстрада жұлдыздары Роза Рымбасва, Бақытжан Кажымұқанов, Меруерт Түсіпбаевалармен сахна төріне бірге шыққан кездерім болды. Өзім кішкентайынан ән айтуға деген сүйіспеншілігін оятып, тәрбиелеген шәкіртім қармақшылық Ардақ Ысқақованың да есімін ерекше атағым келеді. Өнердің өріне талпынған бабалауса әншінің болашағы жарқын деп ойлаймын. Өнер жолындағы қызметімді атқара жүріп 2005 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін бітірдім.
Бүгінде Гүлнара Кеңесбекқызы төрт баланың анасы, оншақты немере ұлдар мен моншақты қыздардың әжесі атанып отырған білікті маман. Құралай, Жұлдызай есімді егіз кыздары Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің би бөлімінде дәріс алып, республикалық «Салтанат» мемлекеттік ән-би ансамблінің белді мүшелері атанған. Ұлдары ел жақта бір-бір шаңырақ иелері болса, анасының өнер жолын жалғастырып келе жатқан көзінің қарашығындай қос қарлығашы болашактарынан үлкен үміт күттіретін кәсіби мамандар.
Осылайша балапандарының өнерін үкілеп келген өнерлі ана бүгінде өнер ордасы Алматы қаласына қоныс аударған. Гүлнара Кеңесбекқызының ендігі арманы қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерін жаңғырту. Тәжірибелі ұстаз балаларды мектеп қабырғасынан бастап өнерге ынтасын оятып, ән айтуда музыкалық қабілетін қалыптастырумен қатар, ортақ табысқа қуана білу, эстетикалық талғам сезімдерін дамытуға тәрбиелеу ісін қолға алу.
Дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап, қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерін жаңғырту. Оқушылардың өнерге ынтасын оятып, ән айтуда музыкалық қабілетін қалыптастырумен қатар, ортақ табысқа қуана білу, эстетикалық талғам сезімдерін дамытуға тәрбиелеуде мектеп мұғалімдеріне бағыт беру керек деген ұсынысын білдіруге қаладағы «Ұстаздар Үйіне» келген тәжірибелі ұстазбен болған әңгімеміздің жай-жапсары осылай болды.
Ал, маман тарапынан болған ұсыныстың шешімін шығаруды «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Оқу бөлімі және Мониторингтік қызмет бөлімі қызметкерлерінің құзырына қалдырдық.
Ш. Битен