Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада болған өткір әңгімені еске алды, деп dalanews.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғарышкердің айтуынша, ол кезінде Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы шешіммен келіспеген және бұл пікірін сол кездегі мемлекет басшысына ашық айтқан.
Әубәкіровтің сөзінше, Кремльден қайтып келе жатқан сапар кезінде ол Назарбаевқа енді оның қарамағында жұмыс істемейтінін мәлімдеген.
"Кремльден шығып, ұшақпен ұшып келе жатқанымызда мен: "Енді қол астыңда жұмыс істемеймін", – дедім. Президент қасына шақырып, "шай ішейік" деді. "Мен сізбен ештеңе ішпеймін, сіз қазақтың жауысыз" дедім. Бірінші айтқаным ұшақтың ішінде болды. Тура осылай айттым. Ал ол маған "сен ештеңе де білмейсің, саясаттан хабарың жоқ, жас баласың" деп жауап берді. "Мені босатыңыз, мен енді жұмысқа бармаймын" деп тағы да айттым", – дейді Тоқтар Әубәкіров.
Айта кетейік, Байқоңыр ғарыш айлағы Қызылорда облысында орналасқан және әлемдегі ең ірі ғарыш кешендерінің бірі саналады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нысан еліміздің иелігіне өткен. Алайда 1993 жылы Ресейге жалға беріліп, кейін келісім мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған.