Ән мен толқын тоғысқан кеш: Алакөлдегі фестиваль мыңдаған адамды жинады

Ән мен толқын тоғысқан кеш: Алакөлдегі фестиваль мыңдаған адамды жинады

Жетісу облысындағы Алакөл жағалауы тағы да ән мен думанның ортасына айналды. Ақши ауылында өткен «Алакөл толқыны – 2026» мәдени-туристік фестиваліне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген демалушылармен қатар шетелдік қонақтар да қатысты. Мәдениет пен туризмді тоғыстырған ауқымды шара өңірдің туристік әлеуетін тағы бір мәрте танытты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кеш түсе фестиваль алаңына ағылған халықтың қарасы қалың болды. Концерт басталардан бұрын-ақ сахна маңына жүздеген адам жиналып, танымал әншілерді күтіп тұрды. Әсіресе жастар жағы белсенді болды. Танымал орындаушылар сахнаға шыққанда көрермендер сүйікті әндерін қосыла шырқап, билеп, әр әнді ерекше ықыласпен қарсы алды.

Фестиваль Алакөл өңірінің туристік мүмкіндіктері, табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени мұрасын таныстыратын арнайы бейнероликтен басталды. Ресми бөлімде өңірде туризм саласын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және Алакөлді халықаралық деңгейдегі туристік бағыт ретінде қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев өз сөзінде Алакөлдің еліміздегі маңызды туристік аймақтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәдени-туристік жобалар өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның туристік имиджін нығайтуға ықпал етеді.

Ресми бөлімнен кейін жағалаудағы басты алаңда концерттік бағдарлама басталды. Көрермендер Римма Ахметова, Қазбек Абу, Дана Максимова, Самат Жанғазин, Алуа Берешова, Бексұлтан Бекайдаров, Гүлсім Малисова, Жігер Арап және Бауыржан Кенжебаевтың өнерін тамашалады.

Фестиваль аясында қонақтарға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары да ұйымдастырылды. Ходулистердің қойылымдары, тірі мүсіндер мен алып ойыншық кейіпкерлер балалар мен ересектердің қызығушылығын тудырды. Қонақтар арнайы фотозоналарда суретке түсіп, интерактивті ойындарға қатысып, сыйлықтарға ие болды.

Ал фестивальдің басты хедлайнерлері Turar, Ayree және Асель Мекебаева өнер көрсеткен сәтте алаңдағы атмосфера тіпті қыза түсті. Көрермендер әншілермен бірге ән айтып, жарық шамдарын жағып, концерттің әр сәтін ұялы телефондарына түсіріп жатты.

Ақши ауылының тұрғыны Гүлмира Төлеубаева бұл фестивальдің жергілікті халық үшін ерекше маңызға ие екенін айтады.

– Біз бұл фестивальді жыл сайын күтеміз. Жаз сайын Алакөлге қаншама турист келеді. Осындай мәдени шаралардың ұйымдастырылуы демалушыларға да, жергілікті тұрғындарға да жақсы көңіл күй сыйлайды. Биыл адам өте көп болды. Концерт те ерекше өтті, – дейді ол.

Ал Қарағанды қаласынан келген демалушы Ержан Сейітов күндіз сахнаның дайындалып жатқанын көргенін айтып, кешкі бағдарламадан үлкен әсер алғанын жеткізді.

– Күндіз жағажайда жүргенде фестивальге дайындық жүріп жатқанын көрдік. Кешке арнайы келдік. Шынымды айтсам, мұндай ауқымды концерт болады деп ойламадым. Әншілер де танымал, халықтың көңіл күйі де керемет болды. Алакөлдегі демалысымыздың ең есте қалған кештерінің біріне айналды, – дейді турист.

Фестиваль барысында қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Концерт алаңында полиция қызметкерлері мен патрульдік жасақтар тұрақты бақылау жүргізіп, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрді. Ал алаң сыртында жедел жәрдем көліктері кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға дайын тұрды.

Кеш барысында кәсіби DJ-дің қатысуымен заманауи музыкалық бағдарлама ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы би алаңында мыңдаған адам бас қосты.

Кештің ең әсерлі сәті мерекелік отшашу болды десек артық айтқандық емес. Әр жарқыл сайын көрермендер қол шапалақтап, таңданысын жасыра алмады. Көпшілік үшін фестивальдің дәл осы финалы кештің ең есте қалған сәтіне айналды.

Осылайша «Алакөл толқыны – 2026» фестивалі тек концерттік бағдарлама ғана емес, мыңдаған адамды біріктірген үлкен туристік әрі мәдени оқиға ретінде есте қалды. Ән мен толқын үндескен бұл кеш Алакөлдің тек демалыс орны ғана емес, жарқын мәдени шаралар өтетін орталыққа айналып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Жетісу облысы Туризм басқармасының мәліметінше, биылғы фестивальге Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген туристерді қоса алғанда 5 мыңнан астам адам жиналды. Сонымен қатар іс-шараны насихаттауға 40-қа жуық блогер атсалысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль туралы жарияланымдардың жалпы онлайн қамтылуы 5 миллионнан астам қаралымға жеткен.

«Алакөл толқыны – 2026» фестивалінің басты мақсаты – Жетісу облысының туристік әлеуетін кеңінен таныту, Алакөлдің халықаралық туристік бағыт ретіндегі беделін арттыру және ішкі әрі келу туризмін дамыту.