Алтынбек газетімді тартып алып, Назарбаевтың күйеу баласына бере салды – журналист

Жарбол Кентұлы 07 ақп. 2024 09:59 50368

Назарбаев режиміне қызмет етіп, артынша билікпен тіл табыса алмай оппозиция жағына шыққан саяси тұлғалардың Қазақстанда азаматтық қоғамдық құрушы, демократияның жанкүйері деп кесіп айтуға болмайды. Соңғы уақыттары қазақ қоғамы бұл мәселеге қайта оралып, еліміздің ақпараттық кеңістігінде кеңінен талқылауда.  

Осыдан біршама уақыт бұрын белгілі журналист Қасым Аманжол Заманбек Нұрқаділовты демократ адам деп айта алмайтынын ашып айтқан еді.

Таяуда «Мүмкін емес» арнасына сұхбат берген тағы бір журналист Бигелді Ғабдуллин қазақ қоғамында оппозициялық саясаткер ретінде танылған саяси тұлға, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың қаншалықты демократ болғанын айтып, айды аспаннан бірақ шығарды.

Бигелді Ғабдулин кезінде өзі ашқан «Новое поколение» басылымын Алтынбек Сәрсенбаев әкімшілік ресурстың күшімен тартып алып, Рахат Әлиевтің атына қалай жазып бергенін әңгімелеп берді.

– Бүгінде біраз Алтынбек Сәрсенбаевты «нағыз демократ» деп жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз ғой. Шындығында ол ешқандай да демократ болған емес. Қайта еліміздегі тәуелсіз басылымдарды тұншықтырушылардың бірі болды. Ол өмірінің соңғы кезінде ғана оппозиция қатарына өтіп, демократ атанды. Ал қолында билігі болғанда еліміздегі басылымдарды бақылауда ұстап, басып-жаншыды. Тіпті, бұл жайында айтарға сөзім жоқ.

Ол жекеменшік газеттерді мемлекетке қайтарудың түрлі жолдарын ойлап тапты. Айталық, ол менен «Новое поколение» газетін алып қоюда барлық айла-шарасын істеп бақты. Сол кездегі ақпарат саласына жауапты министрліктің атауы өзгергенде «Біздің министрліктің атауы өзгерді, енді барлық газеттер тікелей министрлікке бағынышты болуы керек. Газетіңізді бізге беруіңіз керек» деп орынсыз талап қойды.

Осылайша «Новое поколение» газетінің 49% акциясын алып алды. Сол кезде Мәжілісте отырып, бізге араша түскен Шерхан Мұртаза мен Алтыншаш Жағанованың сөзіне пысқырып та қараған жоқ.

Арада бес жыл өткеннен кейін тағы хабарласып, «Біздер газетті толықтай өз бақылауымызға алатын болдық» деп басылымды толықтай иелігіне алып, артынша «Новое поколение» басылымын Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің атына жазып берді. Егер Алтынбек Сәрсенбаев сөз бостандығының жақтаушысы болса, осындай қадамға барар ма еді? – деп Бигелді Ғабдуллин сырын айтыпты.

Иә, Алтекеңнің кезінде министрлік тарапынан ақпарат құралдарына бақылау күшті болғаны жасырын емес. Мұны журналистер қауымы жақсы біледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар