Алты банктің үшеуі мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтарып берді – ҚНРДА басшысы

Dalanews 26 жел. 2025 18:07

Банктерге мемлекеттік қолдау уақытша және өтемді болады. Қаржылық орнықтылығы қалпына келтірілгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылуға тиіс, ал мемлекет бөлген қаражат бюджетке қайтарылуы керек. Бұл туралы Парламент Сенатында «Банктер туралы» заң жобасын талқылау барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ең басты міндет – осы банктердің салымшыларының, клиенттерінің қаражатын қорғау. Сондықтан біз мемлекеттік қолдау көрсетілетін жалғыз тетікті – банктің капиталына кіруді көздедік. Бұл ретте бұрынғы акционер банкке бақылауды толығымен жоғалтады. Банкті бақылау мемлекетке жаңа инвесторға сатылғанға дейін өтеді», – деп атап өтті Агенттік басшысы.

Ол Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің ұсыныстарына сәйкес банк заңнамасында қаржы жүйесінің барлық орнықтылығына қауіп төндіретін жүйелік маңызы бар банктерге ғана мемлекет тарапынан қолдау көрсету мүмкіндігі көзделуі тиіс екенін атап өтті.

«Себебі мұндай банктің тәуекелі бүкіл банк жүйесінің күйреуіне, салымшылардың кетуіне, қаржы жүйесіне деген сенімнің жоғалуына, сондай-ақ экономикалық дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін», - деді ол.

Мәдина Әбілқасымова қазіргі уақытта банк жүйесі орнықты, тұрақты және сенімді екенін айтты. Банк жүйесіндегі капитал мен өтімділік қоры қалыптасты.

«Бүкіл қадағалау жүйесі қазір банк жүйесі үшін тәуекелдердің пайда болу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған. Ол үшін біз активтердің сапасына жыл сайынғы бағалау жүргіземіз, яғни банктердің кредиттік портфелін бағалаймыз. Жыл сайын анықталған шығындар бойынша тиісті провизиялар қалыптастырылады. Екіншіден, біз банктердің стресстік ықтимал жағдайларға төзімділігін талдау үшін қадағалап, стресс-тестілеуді жүргіземіз. Сонымен қатар, біздің үшінші құралымыз жүзеге асырылады – бұл қадағалап-бағалау, оның негізінде біз жыл сайын банктер үшін капиталдың қадағалау үстемесін, яғни банкроттықтың алдын алу үшін қосымша капиталды анықтаймыз», – деп түсіндірді Агенттік басшысы.

Депутаттың банкроттық сатысындағы банктерге мемлекеттік қолдау көрсетіле ме деген сұрағына жауап бере отырып, Мәдина Әбілқасымова мұндай рәсімге заң жүзінде тыйым салынғанын, ал мұндай банктер таратылуға жататынын хабарлады.

«Қазір бізде тоғыз банк тарату процесінде, 2007-2021 жылдар аралығында олардың лицензиялары кері қайтарып алынды. Мемлекеттік қолдау бұрын қаржылық орнықтылығын қалпына келтіруге мүмкіндігі бар банктерге ғана көрсетілді. Біз 2017 жылы қаржылық орнықтылық бағдарламасын әзірледік. Оның аясында алты банкке 1,8 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде үш банк 738 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын толығымен қайтарды. Қалған үш банк осы мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын өтеуді жоспарлап отыр», - деді Агенттік Төрағасы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, акционерлердің өздері де осы банктерді 400 млрд теңгеге үстеме капиталдандыруды жүргізді, қосымша шамамен 1 трлн теңгеге провизиялар қалыптастырылды. Қабылданған шаралар банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Парламент Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.

Заң жобаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларында белгіленген тапсырмаларды орындау шеңберінде Ұлттық банкпен бірлесіп әзірледі.

Банктер туралы жаңа заңның қабылдануы банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар