Алматыда түнгі уақытта 102 қызметіне оқ атылғанға ұқсайтын дыбыстар естілгені жөнінде хабарлама түскен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға орнына жедел түрде патрульдік полиция қызметкерлері жіберіліп, тексеріс барысында күмән тудырған көлік тоқтатылған. Көліктің жүксалғышын қарау кезінде тапаншаға ұқсас зат пен оған арналған оқ-дәрілер анықталған.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, көлік иесі табылған заттың белгі беру құралы екенін және оны қаңғыбас жануарларды үркіту үшін пайдаланғанын айтқан.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы шақырылып, зат пен оқ-дәрілер тәркіленді. Қазір олардың нақты сипатын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.