Алматыда дарынды балаларға арналған заманауи «Абай мектебі» пайдалануға берілді

Алматыда дарынды балаларға арналған заманауи «Абай мектебі» пайдалануға берілді
instagram.com/darkhan_satybaldy_official

Алматыда дарынды балаларға арналған «Абай ұлттық мектебінің» жаңа кампусы салтанатты түрде ашылды. Бұл – елдегі білім беру саласы үшін маңызды жобалардың бірі. Заманауи үлгіде салынған жаңа білім ордасы оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен мектеп түлектері қатысты.

Жаңа кампус Алматы қаласындағы «Дарын» шағын ауданында орналасқан. 900 орынға арналған кешенде кең пәндік зертханалар, спорт және акт залдары, STEM-орталық, кітапхана, шығармашылық шеберханалар, Абай музейі, бассейн мен спорт алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар мұғалімдер үйі мен 350 орындық жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда мектепте 351 оқушы білім алып жатыр. Оларға 72 педагог дәріс береді. Олардың қатарында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар.

Ресми шара барысында қонақтар оқушылардың ғылыми жобалар көрмесін тамашалап, дизайн және технология кабинеттері, керамика шеберханасы, мектеп музейі мен шығармашылық алаңдардың жұмысымен танысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім сапасын арттыруға айрықша назар аударып келеді. Бұл – «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру жолындағы маңызды бағыттардың бірі. Бүгін ашылып отырған «Абай ұлттық мектебінің» жаңа деңгейге көтерілуі – осы кешенді жұмыстың нақты нәтижесі, – деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, тарихы терең бұл білім ордасының негізі 70 жыл бұрын қаланған. Алғашында қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуға бағытталған мектеп бүгінде ұлттық мәртебеге ие заманауи білім беру орталығына айналып отыр.

Ал Жұлдыз Сүлейменова мектепке қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.

– 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мектептің бұрынғы таудың бөктеріндегі территориясы қайтарылып жатыр. Сондықтан Абай мектебіне қатысты тарихи әділеттілік орнап жатыр деуге толық негіз бар. Бұл – 900 балаға арналған үлкен кешен. Сонымен бірге балаларға арналған интернат салынып жатыр. Алдағы кезеңдерде жүзу бассейні мен заманауи зертханалар іске қосылады, – деді министр.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жобаның мегаполис үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Бұл жай ғана жаңа ғимараттың ашылуы емес, болашақ ұрпақтың білімі, құндылықтары мен дүниетанымы қалыптасатын заманауи білім беру ортасын құру. Алматы білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мұндай бастамалар жоғары білім стандарттарын қалыптастырып, дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол мектептің педагогикалық ұжымына алғыс білдіріп, саналы әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті.

Жиын барысында мектептің ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру жүйесімен ұштастыратын жаңа орталыққа айналатыны айтылды. Мұнда оқушылар тек академиялық білім алып қана қоймай, ғылыми ізденіспен, шығармашылықпен және технологиялық жобалармен де айналыса алады.

Қатысушылардың пікірінше, жаңа кампус дарынды жастардың әлеуетін ашуға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге және елдің интеллектуал буынын қалыптастыруға зор үлес қоспақ.