Алматы хайуанаттар бағындағы арыстан келушілердің орынсыз әрекетінен тағы да зардап шекті. Қонақтардың бірі жануардың назарын аудармақ болып, оған тас лақтырған. Оқиға видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Хайуанаттар бағының әкімшілігі жануарлар ойын-сауық құралы емес екенін еске салды. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер жануарларға күйзеліс тудырып, денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ, хайуанаттар бағында жануарларға кез келген зат лақтыруға, қоршауды ұруға, оларды әдейі мазалауға және тиісуге қатаң тыйым салынған.
Оқиғадан кейін әкімшілік бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жинап, материалдарды полицияға жолдаған. Қазір құқық қорғау органдары бұл жағдайды қарап жатыр.