Алматылық жүргізушілердің көлік салығы бойынша берешегі 3,7 млрд теңгеден асқан

Кәмшат Тілеухан 14 нау. 2025 12:14 187

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті полиция басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп автокөліктерге салынатын салық бойынша берешектерді өндіріп алу үшін "Борышкер" жедел-алдын алу іс-шарасына кірісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жеке сот орындаушыларының қаулысы шыққан борышкерлердің автокөліктері "Сергек" камераларының көмегімен анықталып, берешегі толық өтелгенге дейін айыппұл тұрағына қойылады. Бүгінгі таңда көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 3,7 млрд теңгені құрайды. Берешектің негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4000 текше см-ден асатын автокөліктерге тиесілі",- деп нақтылайды департаменттегілер.

Рейд кезінде берешегінің жалпы сомасы 1,6 млн теңгені қамтитын 12 көлік иелері төлем жасады, ал тоғыз көлік айыппұл тұрағына қойылды.

Көлік салығын төлеу бойынша берілген мерзім 1 сәуірде аяқталатынын еске сала кетелік.

Айта кетсек, 2025 жылдың қаңтарында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров автокөлікке салынатын салықтың күшін жою туралы Жарлыққа қол қойды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар