Кез келген саланың дамуы үшін оған қолайлы жағдай туғызатын заңнама қажет. Биыл елеміздегі ғылымның өрісін кеңейтетін су жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданып, қолданысқа енді. Иә, бұған дейін де ғылымды дамытуға қатысты заңнамалар жаңарып, оған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келгенін бідеміз. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Қазір кез келген сала күн өткен сайын өзгеріп, жаңаруда. Сондықтан еліміздегі ғылымды дамытуға қатысты жаңа заңның пайда болуынан еліміз ұтпаса, ұтылмайтыны анық.
Ендігі кезекте жазда қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң отандық ғылымды қалай дамытады деген сұрақтарға жауап іздеп көрсек. Мамандардың сөзінше, жаңа заң елдің ғылыми әлеуеті мен технологиялық саясатын жан-жақты дамытуға бағытталған.
Оның негізгі мақсаттары Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп, ғылымға қатысты стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейтінін айта кетуіміз керек.
Қазіргі таңда дамыған елдер ғылым мен өндірісті түйістіріп үлкен экономикалық жетістіктерге жетіп отырған жұрттың бәрі біледі. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде де ғылым мен өндірістің арасын байланыстыру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Өкінішке орай, оның бәрі нәтижелі болды деп айта алмаймыз. Ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының бәрі коммерцияланып, табыс тапқан жоқ. Шындығын айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын ғалымдар да, кәсіпкерлер де дайын болмай шықты.
Кеңес заманында ғалымдар мемлекеттің қаржыландырумен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен алаңсыз айналысты. Ал оның нәтижесін өндіріске енгізуге мемлекет жауапты болды. Бұл іске ғалымдар басын ауыртпады десек те болады.
Ал нарық заманында ғалымдар көз майын тауысып, зерттеген жұмыстарының коммерцияланып, бірінші кезекте өзіне, одан кейін елге пайдасын тигізуі керек екенін бірден түсініп кетпеді. Қазақ ғалымдарының нарықтың осы басты талабын түсінуі үшін ондаған жыл өтті.
Қазір ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін тартпаға салып қоймай, оның өндірісті өркендететін күшке ие кенін түсінді. Осы ретте елімізде ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерциялау ұғымының кең тарауына сырт елдерде оқып келген қазақ жастары айрықша ықпал еткенін айта кетуіміз керек. Биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң алдағы уақытта елімізде ғылымды коммерциялауға кеңінен жол ашатыны сөзсіз.
Осы ретте тағы айта кететін мәселе, қазақ ғалымдары ұзақ жылдар бойы қолданбалы және іргелі ғылымдар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келген-ді. Іргелі ғылымдар бойынша жүргізілген зерттеулер жалпы ғылымның мәселелерін шешуге бағатталса, қолданбалы ғылымдар негізінен өндірісті өркендетуге негізделген болатын. Тәуелсіздік жылдары біздер осы екі бағыттың қайысына басымдық беру мәселесіне бас қатырмадық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздегі жетекші университет мен Ғылыми-зерттеу инстиуттардың базасында қолданбалы ғылымды дамытып, оны өндіріске енгізуге басымдық беру турасында нақты тапсырма бергеннен кейін ғана бағытымыз айқындалды десек болады. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар университет қабырғаларында қарқынды жүріп жатыр. Ал жаңадан қабылданған заң бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге жол ашатыны сөзсіз.
Сөз соңында айтатын тағы бір мәселе жаңа заң бойынша алдағы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындарға салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер енгізілетін болды. Осы ретте мұндай жеңілдіктерді аккредиттелген ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері пайдалана алатынын ескертеміз.
Мамандар аталған шара кәсіпорындарды ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге инвестиция салуға ынталандыра түсетінін алға тартуда. Әдетте кәсіпорындар мемлекет тарапынан қандайда бір жеңілдікке ие болуға ұдай ұмтылатыны бәріміз білеміз. Алдағы уақытта еліміздегі кәсіпорындар ғылыми мекемелермен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізетін болса, олар салықтық жеңілдікке ие болады. Келешекте мұндай стимулды кәсіпкерлік орта барынша пайдаланып, ғылымды коммерциялауға өз үлестерін қосатынына сенімдіміз.