APLO-2026 лингвистикалық олимпиадасында қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде бекітілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланған. Осылайша қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті көрінген.
APLO-2026 олимпиадасы Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиландтан келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірді. Бұл зияткерлік жарыс - дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған беделді алаң.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.

