Әлеуметтік желіде Алматыдағы тергеу изоляторында экс-судьяның жан тапсырғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Telegram-дағы Kozachkov offside арнасында Алматыдағы тергеу изоляторында көз жұмған әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы екені айтылады. Ондағы дерекке сүйенсек, марқұм шамамен бір жыл бұрын, 2024 жылдың қазан айында "пара алды және алаяқтық жасады" деген күдікпен ұсталған. Дереккөз мәліметінше, оған жолығуға түскі астан кейін қоғамдық қорғаушы - әкесі келген.
"Судьяны қабылдау бөлмесіне алып барғанда ол өзін нашар сезінген. Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметі шақырылған. Шұғыл жеткен ақ халаттылар оның қайтыс болғанын растады. Өлімнің алдын ала себебі - жүректің тоқтауы", делінген хабарламада.
Құзырлы орган да тергеу изоляторында қамауға алынған ер адамның шынымен де кенеттен қайтыс болғанын растады.
"Өлімнің алдын ала себебі - жедел жүрек жеткіліксіздігі. Өлім сәті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Тергеу шаралары жүргізілуде", деп ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі департаменті NUR.KZ тілшісіне түсініктеме берген.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовтың қайтыс болғанын жазғанбыз. Алдын ала деректер бойынша, ол жүрек талмасынан көз жұмған.