Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін көтеру қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста қаржыгер Расул Рысмамбетов бұл шешімді қолдап, басты назар зейнетақы жинағын алуға емес, азаматтардың ресми табысын арттыруға аударылуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржыгердің пікірінше, зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды қартайған шақта тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу сияқты ағымдағы қажеттіліктерді шешудің құралы ретінде қарастыру дұрыс емес.
«Мен әрдайым зейнетақы жинақтарын жаппай алуға қарсы болдым. Өз табиғаты бойынша зейнетақы ақшасы пәтер алуға немесе жөндеуге арналған қаражат емес. Бұл – адамның еңбек ету мүмкіндігі бұрынғыдай болмайтын қарттық шағына арналған қаржы. Сондықтан жеткіліктілік шегінің көтерілуін қисынды әрі уақытылы шешім деп санаймын», – деп жазды Расул Рысмамбетов өзінің Telegram-арнасында.
Оның айтуынша, азаматтардың бүгін жинағын мерзімінен бұрын пайдалануы ертеңгі зейнетақы төлемдерінің азаюына алып келеді. Сарапшы қысқа мерзімді әлеуметтік әсер ұзақ мерзімді тәуекелдерді туындатуы мүмкін екенін атап өтті.
Рысмамбетовтің пікірінше, мемлекет азаматтардың зейнетақы жинағын шешіп алуына жағдай жасаудан гөрі, жоғары ресми жалақы алуға ынталандыруы қажет. Себебі ресми табыс өскен сайын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жарналар көлемі де артады.
«Біз ЕНПФ-дан ақшаны қалай алу керектігін емес, жоғары ресми жалақы алатын адамдардың санын қалай көбейту керектігін талқылауымыз қажет. Бұл – жаһандық әрі макроэкономикалық міндет. Жалақы неғұрлым жоғары болса, қорға түсетін жарна көлемі де артады, сәйкесінше болашақтағы зейнетақы мөлшері де өседі», – деді ол.
Қаржыгер бұған дейін зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне де әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, жинақтардың бір бөлігі жылжымайтын мүлік нарығына бағытталып, бұл баспана бағасының күрт қымбаттау факторларының біріне айналды.
Сондай-ақ сарапшы жеткіліктілік шегі елдегі экономикалық жағдайға сәйкес өзгеруі тиіс екенін атап өтті. Өмір сүру ұзақтығының артуы, инфляция және ең төменгі зейнетақы мөлшерінің өсуі мұндай көрсеткіштердің де қайта қаралуын талап етеді.
Рысмамбетовтің пікірінше, келесі кезеңде зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет.