Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға арналған жеткіліктілік шектерінің көтерілуі қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста экономист Айбар Олжаев бұл шешімнің мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айбар Олжаевтың Facebook парақшасында жазуынша, зейнетақы жинақтары қазіргі қажеттіліктерді өтеуге арналған қаражат емес, азаматтың болашақтағы қарттық шағын қамтамасыз ететін қор болуы тиіс.
«Зейнетақы жинағы бұл қазіргі керек-жараққа төлейтін банктегі шотымыз емес. Бірақ біз бес жылда жаман үйреніп алдық та, болашақ қарттығымызға жинағанымызды бүгін құрта бастадық. Сол кезде ертең зейнет жасында жеткілікті табыссыз қалуы қаупі бірден пайда болды. Сондықтан жеткіліктілік шегі адамның ақшасына қойылған бөгет емес. Бұл болашақтағы зейнетақысының тым төмендеп кетпеуі үшін жасалған қорғаныс механизмі», – деді Олжаев.
Оның пікірінше, пандемия кезінде азаматтарға қолдау көрсету мақсатында енгізілген мерзімінен бұрын пайдалану тетігі уақытша шара болған. Сарапшы бұл механизмнің ұзақ уақыт сақталуы болашақ зейнетақы төлемдерінің азаюына алып келуі мүмкін екенін атап өтті.
Айбар Олжаев жаңа әдістеменің негізгі ерекшелігі жинақтардың жеткіліктілігін бұрынғыдан нақтырақ есептеуге мүмкіндік беруінде екенін айтты. Есептеу кезінде азаматтың болашақ өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс көлемі, еңбек өтілі, жарналардың тұрақтылығы және зейнет жасындағы қажетті табыс деңгейі ескеріледі.
Экономист әсіресе бұл өзгерістердің жас қазақстандықтар үшін маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі еңбек нарығында жүрген азаматтардың болашақтағы зейнетақысы негізінен өздерінің жинақтарына тәуелді болады. Алдағы 20-30 жылда адамның табысы мен еңбек жағдайы бірнеше рет өзгеруі мүмкін болғандықтан, жинақтарды сақтау маңызды.
«Зейнетақы жинағы мемлекеттің ақшасы емес. Ол азаматтың өзінің жеке жинағы. Мемлекет оны өз бюджетіне алмайды, басқа мақсатқа жұмсамайды. Жеткіліктілік шегінен төмен жатқан қаражат та адамның өз шотында қала береді. Ол әрі қарай инвестициялық табыс әкеледі, көбейеді, сақталады және зейнет жасына жеткенде сол адамның өзіне төленеді», – деп жазды Олжаев.
Сарапшының сөзінше, жеткіліктілік шегінің көтерілуі азаматтардың ақшасын тартып алу дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл қаражатты адамның болашағына сақтау тетігі саналады. Оның пікірінше, бүгінде барлық жинақты жұмсап қою ертеңгі күні мемлекетке немесе жақындарына тәуелді болу қаупін арттыруы мүмкін.
Еске салсақ, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды. Жаңа әдістеме салымшының жасын ғана емес, зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңді, болашақ төлемдерді және инвестициялық кірісті де ескереді.