Алматыда қылмыстық топ мемлекеттік құрылыс тендерлерінде компаниялардың рейтингін үш жыл бойы қолдан көтеріп, сол арқылы миллиондаған табыс тапқан. Жалған схемамен айналысқандар қымбат көліктер мен үйлер сатып алып үлгерген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ведомствоның Алматы қаласы бойынша департаменті аталған алаяқтық іске қатысты төрт күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, 2021 жылдан 2024 жылға дейін олар мемлекеттік сатып алуларда түрлі айла-шарғылар арқылы заң бұзушылықтар жасаған.
Күдіктілер тобы жалған құжаттар арқылы "жалған" компаниялар атынан құрылыс саласындағы тендерлерге қатысып, мердігер компаниялардың рейтингін қолдан жоғарылатып отырған. Бұл қызметі үшін ұйымдастырушылар әрбір сатып алудан 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін "көлеңкелі" сыйақы алып отырған.
Агенттік үш жылдың ішінде олардың жалпы 664 миллион теңге заңсыз пайда тапқанын анықтаған. Бұл қаражатқа күдіктілер 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік нысанын (оның ішінде бес тұрғын үй мен жеті жер телімін) сатып алған.
Тергеу болжамы бойынша, күдіктілердің әрекеті салдарынан жалпы сомасы 70 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік келісімшарттар заңсыз жасалған.
Төрт адам ұсталып, қазіргі уақытта уақытша тергеу изоляторына қамалған. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық істің басқа мәліметтері процессуалдық талаптарға сай жария етілмейді.