Алматы облысында саяси репрессия құрбандарына музей ашылды

Dalanews 27 жел. 2018 12:09 2773

Алматы облысының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылды.

Сол бір зұлмат жылдары НВКД-ның қанды қолынан құрбан болған жазықсыз адамдарды Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі осы Жаңалық ауылының іргесіне әкеп көмген.



1997 жылы президент Назарбаевтың жарлығы шығып, соған сәйкес «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімінің қолдауымен салынған Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей 3 экспозициялық залдан тұрады.


 Репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, жаңа экспозицияның 3 залында:

- «Қазақстандағы 1916-1986 жж. аралығындағы қуғын-сүргін тарихы»;
- «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы);
- «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.
1930-шы – 1950-ші жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары таныстырады.



 Олардың қатарында қазақтың зиялы қауым өкілдері – М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар.

Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық Ішкі Істер департаментінің архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың (қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар) іс көшірмелері қойылған.
Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада ашып көрсетілген.

Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады.



«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты мен тегі мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянын (ақпарат 2 тілде берілген) осы залға қойылған ақпараттық дүңгіршектерден көруге болады.
Жаңалық ауылында мемориал орнатудың бастамашысы болған, репрессия құрбандары туралы 9 томдық «Азалы кітап» шығармасының авторы Қазақстандық «Әділет» тарихи-ағартушылық  қоғамының қызметіне музейдің 3-ші залының экспозициясы арналған. 

Музейдің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ілияс Жансүгіровтің ұлы – Саят Жансүгіров, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев, Жаңалық ауылдық округінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаев және Қазақстандағы репрессия музейлерінің басшылары, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, репрессия құрбандарының ұрпақтары, т.б. шақырылды. 

Амандық БАТАЛОВ: «Біз оларға қарыздармыз...»




 

Музейдің ашылу салтанатында Амандық Баталов сөз сөйледі.

«Қазақтың өшпес рухын, жазықсыз құрбан болған боздақтардың ерен ерлігін танытып тұрған бұл жер – қасиетті жер.

Осы қасиетті жерде 4 мыңнан аса озбыр саясат құрбандары мәңгілікке көз жұмған. Олардың барлығы – халықтың маңдай алды, озық ойлы, біртуар азаматтары еді.

Бүгін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды.

Дана халқымыз өткенге – салауат, болашаққа – ғибрат айтқан. Тарихына құрметпен қараған.

Біз елдің бірлігі, азаттығы жолында қасық қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген тұлғалардың рухына бас иіп, тағзым етеміз.


Бұл музей – Алаштың ірі қайраткерлерінің, қыршын кеткен боздақтардың ерлігін, халықтың биік рухын танытар орын болады деп сенеміз.

Музейдің жалпы алаңы 535 шаршы шақырым метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 288 млн қаржы бөлдік.



Біздің ендігі мақсатымыз – осы тарихи жылдар оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау.
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласнда еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы дала тұлғалары» туралы айтылады.

Ұлы даламыздың аяулы перзенттері, ел үшін жанын қиған арыстарымыздың есімі – ел жүрегінде деп білемін», – деді Алматы облысының әкімі.



 

ФОТО: Алматы облысы әкімдігінен

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар